2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың 26%-ы ғана қайта өңделген

2022 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың 26%-ы ғана қайта өңделген

       2022 жылы еліміз бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың тек 26%-ы қайта өңделген және кәдеге жаратылған. Мұндай деректер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» келтірілген.

       «Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) негізгі бөлігі, яғни 97%-дан астамы ашық үйінділерге шығарылады. Былтыр қайта өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ үлесі 26% болды. 2021 жылы 21,1%-ы кәдеге жаратылған», - деп жазылған құжатта.

       Өткен жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде қоқыстарды рұқсат етілмеген жерлерге төгудің 5 683 дерегі анықталған. Оның тек 4 325-і ғана жойылды.

       «Анықталған ең үлкен қоқыс үйінділерінің көбі Ақмола – 830 (91%-ы жойылды), Қарағанды – 745 (98%-ы жойылды), Түркістан облыстарында – 428 (88%-ы жойылды) байқалады. Абай және Ұлытау облыстарында қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыс нашар жүргізіліп жатыр», - деп мәселе көтерілген тұжырымдамада.

       Құжат15 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.

       Informburo