фото: https://pixabay.com/ru/
Бүгін – ұлттық басылым күні.
Былтыр «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген 2 ақпан ұлттық басылым күні ретінде белгіленген еді. Газеттің алғашқы саны осыдан 111 жыл бұрын шыққан.
Осы басылым арқылы Алаш ардақтылары халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды. Яғни, жастарды сауат ашып, білім алуға шақырды. Атаулы күнге орай біздің тілшілеріміз «Қазақ» газетінің тарихына үңіліп көрді.
Ұлттың үнжарғысына айналған газеттер қазір Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Ғылым ордасында сақтаулы. 1913-1918 жылдар аралығында басылымның 266 нөмірі шыққан. Тиражы 3 мыңнан 8 мыңға дейін жеткен кезі болған. Газет Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Жанұзақ Жәнібекұлының басқаруымен басылды. «Қазақ» газеті сол кезеңде жалпы мұсылман, түркі жұртына түсінікті қаріпте басылып шығып тұрды. Сол кездің өзінде халықтың көкейіндегі әртүрлі тақырыпты қамтыды.
Қазақ даласында бұған дейін де басылымдар болған. «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Серке» сияқты газеттер шыққан. Бірақ ел мүддесін көздеген «Қазақ» газетінің орны бөлек, - дейді баспасөз зерттеушілері.
Сондықтан «Қазақ» газеті шыққан күнді Ұлттық басылым күні ретінде атап өту тарихымызбен, Алаш арыстарының жанкешті еңбектерін ұрпақ санасында жаңғырту үшін керек. Ең алғаш «Қазақ» газетін зерттеген ғалымның бірі Үшкөлтай Субханбердина екен. Ол ондағы мақалалардың библиографиялық көрсеткішін жасаған.
«Қазақ» газеті еліміздегі салалық журналистикаға да жол ашты. Бірінші және соңғы беттерінде жарнамалар беріліп тұрды. Осылайша, ұлттың намысын жанып қана қоймай, қазақша маркетинг, жарнаманы бір ізге түсірді. Былтыр газеттің әр жылы шыққан сандары жеке-жеке кітап болып басылып шықты. Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через