фото: pixabay.com
Қазақстанда 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-і Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтіледі.
Ел арасында бұл күнді – "Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" күні деп те атайды. Ғашықтар күні тұрғындар арасында қалай тойланады? Неліктен ғашықтар күні мәңгілік махаббаттың символы – Қозы мен Баянның құрметіне аталып отыр? Осы және өзге сұрақтардың жауабын бүгінгі материалдан оқыңыз.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу
20 жыл бұрын Ғашықтар күнін әр өңір әр күні тойлатып келген Ғашықтар күнін атап өту жайлы ұсыныс осыдан 20 жыл бұрын айтылғанын бірі білсе, енді бірі біле бермес. Massaget.kz сайты ұсынған деректерге сәйкес, сонау 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мәңгілік махаббат символы – Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнін белгілеу туралы ұсыныс айтқан еді. Ол Қозы мен Баян күнін түрлі жастар ұйымдары, оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері атап өтуге тиіс деді.
Аталған бастама көптің көңілінен шыққанымен, ғашықтар күні күнтізбенің нақты қай күнінде белгіленгені беймәлім болды. Сол себепті оны Қазақстанның әр өңірі әр күні тойлай бастаған. Мысалы, Таразда 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ретінде атап өтілсе, Семейде бұл күн 11 наурызбен тұспа-тұс келді, әрі Баян күні деп тойланды. Ал қызылордалықтар 19 мамырда Қозы күнін мерекеледі.
Бір қызығы, күні бүгінге дейін 15 сәуір қандай да бір құжатта белгіленбеген, сондай-ақ бұл күн ешбір тарихи оқиғаға негізделмеген. Ғашықтар күні көбіне мектептің жоғары сынып оқушылары арасында, колледж және ЖОО студенттері арасында аталып өтеді. Қазақстанда тек 2011 жылдан бастап бұл күн мерекелік күн ретінде тойлана бастады. Мәселен, сол жылы Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Бүгінде Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні қазақ жастары арасында кеңінен танымал әрі оны тойлау аясы да жыл сайын артып келеді.
Фото pixabay.com
Мәңгілік махаббат символы
Ғашықтар күнінің Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні деп аталуының өзіндік себебі бар. Өйткені қазақ халқында бұл қос жұп – мәңгілік махаббат пен кіршіксіз сезімнің символы болып қала бермек. Sputnik Қазақстан басылымы берген мәліметтерге сәйкес, Қозы мен Баян - XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген қазақ эпосының кейіпкерлері болып табылады. Қазақ ауыз әдебиеті тарихында аталмыш жыр ең көне әрі ең көп таралған эпос болып отыр.
Қозы-Көрпеш – Баян сұлу кесенесі қайда орналасқан?
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы, Таңсық ауылының маңында халық эпосының басты кейіпкерлеріне айналған – Қозы Көрпеш - Баян сұлу кесенесі орналасқан. Мазар Қазақстандағы ең көне жәдігерлердің бірі. Кесененің нақты қай ғасырда тұрғызылғаны күні бүгінге дейін белгісіз. Ғалымдардың кейбірі оны V-X ғасырларда тұрғызылған десе, енді бірі мазардың іргетасы X-XI ғасырларда қаланған дейді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через