Маша мен аю немесе қазақ анимациясы неге әлсіз?

Маша мен аю немесе қазақ анимациясы неге әлсіз?
фото: кадр видеодан алынды

 "Маша мен аю" анимациялық сериалының "Маша+каша" эпизоды YouTube желісінде қаралым бойынша рекорд орнатыпты. Балаларға арналған телехикая 4 миллиардтан аса қаралым жинаған. 

Мультсериалдың тағы екі эпизоды миллиардтан астам қаралған. Осы ақпаратты оқып отырып, неге қазақ анимациясы кең танылмай жатыр? Бұған не кедергі?  Қазақ анимациясын қалай көтеруге болады деген сұрақтар маған дүрсе қоя берді.

Жеке пікірін әлеуметтік желілерге жиі жариялайтын Айдана Жұмадинованың айтуынша, елімізде мемлекет тарапынан анимация саласын қолдауға арналған нақты жүйе жоқ.

Мультфильм даярлайтын студиялар әр облыс орталығында ашылып, оларға мемлекет қаржы бөлсе, бәсекелестік артып, нәтиже шығады.  Бұл – бүгінгі заманның талабы. Көршілес Ресейде жыл сайын анимациялық оқыту бағдарламалары мен сериалдары сан мәрте дайындалады. Демек, сондай қолдау керек.Себебі Қазақстанда 18 миллионнан астам ғана халық тұрады. Бұл Ресейден он есе аз. Жекеменшік студиялардың анимациялық өнімді жасағанымен, халық саны аз болған соң, жұмсалған қаржы бірден қайтарылмайды. Ал бұлжекеменшік иесіне тиімсіз. Сондықтан өз еркімен мультфильм жасай бермейді, дейді Айдана Жұмадинова «Ақмешіт жастары» газетінде жариялаған мақаласында.

 Голливуд сапалы дүние жасау үшін бірнеше жылды сарп етеді екен. Бір мульт­фильм үшін кемінде 250 аниматор бірлесіп,  кем дегенде, екі жыл уақыт жұмсалады. Бізде ше? Еліміздегі мультипликаторлар бар-жоғы сегіз-тоғыз ай ішінде бір мультфильмді әзір­леп шығарып жүр. Шағын ұжымның құрамында бес-алты маман ғана. Қысқа уақытта дайындалған дүниенің қалай боларын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Ұлттық анимацияға мемлекет ерекше маңыз беру керек. Сонда отандық нарықты жаулаған «Маша мен аю», «Зверополись», «Том мен Джерии» секілді туындылардағы, қырып-жою, тәртіпсіздік, «өзгеше бір әлемге ену», байлықтың соңына түсу идеясынан арыламыз. Мультфильм де – саясат. Ұрпақтың санасы уланғаны ұлтқа қауіпті. Ендеше ұлттық анимация арқылы идеологияны қалыптастыруымыз қажет, дейді Айдана Жұмадинова. 

АНЫҚТАМА:

zakon.kz мәліметіне сүйенсек, жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қазақстандық мамандар 200-ге жуық анимациялық картина жасаған. Олардың арасында халықаралық конкурстардың лауреаттары да бар.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 30-ға жуық жеке анимациялық компания жұмыс істейді.

 Қазақ анимациясының тарихын 1967 жылы Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмі шыққан кезден бастап санау дәстүрге айналды.