Репетиторлық орталықтарды реттеу керек

Репетиторлық орталықтарды реттеу керек

фото: tengrinews.kz

       Қазақстанда репетиторлық орталықтарға тыйым салу сұранысты жоймай, қосымша сабақтардың қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов саланы шектеудің орнына, қызмет сапасын бақылап, ауыл балаларына тегін дайындық мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды.

       Оның айтуынша, репетиторлық нарықтың дамуын тек мектептердің жұмысына немесе Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ), Назарбаев Университеті (НУ) сияқты конкурстық іріктеу арқылы қабылдайтын оқу орындарының болуына байланыстыру дұрыс емес. Өйткені оқушылар ҰБТ, SAT, IELTS, олимпиадалар мен шетелдік университеттерге түсу емтихандарына да дайындалады.

       Репетиторға жүгінудің себебі әртүрлі

       Асхат Аймағамбетов репетитор жалдаудың екі түрлі себебін ажырату қажет екенін атап өтті. Егер ата-ана баласы мектеп бағдарламасын меңгеруі үшін қосымша мұғалім жалдауға мәжбүр болса, бұл білім беру жүйесі үшін маңызды белгі. Ал оқушы белгілі бір емтиханға дайындалып немесе іріктеуі жоғары оқу орнына түсуге ұмтылса, қосымша сабаққа сұраныстың болуы заңды.

       Бұған қоса, ата-аналардың арасында баласы қосымша дайындалмаса, қатарластарынан қалып қояды деген алаңдаушылық бар. Сондықтан репетиторлыққа деген сұранысты тек тыйым салу арқылы жою қиын.

       Қытай мен Оңтүстік Корея тәжірибесі нені көрсетті?

       Аймағамбетов халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда жеке репетиторлыққа бір кездері толық тыйым салынғанымен, кейін бұл шектеу алынып тасталды. Сонымен қатар қосымша сабақтарға деген бәсеке отбасылардың бюджетіне елеулі салмақ түсіреді.

       Қытайда да мектеп пәндері бойынша коммерциялық репетиторлыққа қатаң шектеулер енгізілген. Мақсат балалардың оқу жүктемесі мен ата-аналардың шығынын азайту болған. Алайда сұраныс сақталып, кейбір сабақтар көлеңкелі форматқа ауысқан. Ұсыныстың азаюы бағаның өсуіне де ықпал еткен.

       Аймағамбетов бұл тәжірибені Қазақстан үшін де ескеруге тұрарлық деп санайды. Оның пікірінше, шектеулер күткен нәтижеге керісінше әсер етуі мүмкін.

       Репетиторлық нарықты қалай реттеуге болады?

       Бұрынғы министр бірнеше ұсыныс айтты.

— Біріншіден, ата-аналар мен білім беру орталықтары арасындағы келісімшарттар түсінікті болуы керек. Онда ақшаны қайтару тәртібі нақты көрсетіліп, «грантқа міндетті түрде түсіреміз» немесе «оқуға түсуге кепілдік береміз» деген жарнамаларға жол берілмеуі қажет. Екіншіден, табысы төмен отбасылардың балалары мен ауыл оқушыларына түсу емтихандарына тегін әрі сапалы дайындалуға мүмкіндік беру маңызды. Мұндай қолдау онлайн форматта да қолжетімді болуы мүмкін, — деді ол Telegram-дағы жазбасында.

       Үшіншіден, НЗМ, НУ және басқа да конкурстық іріктеумен қабылдайтын оқу орындары академиялық талаптарды сақтай отырып, балалардың әлеуметтік және тұрғылықты жеріне байланысты мүмкіндіктерін де ескеруі керек. Ол үшін дайындық бағдарламаларын дамытып, ауылдық және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау шараларын кеңейту ұсынылады.

       Төртіншіден, түсу емтихандары баланың дайындыққа қанша қаражат жұмсағанын емес, оның қабілетін, ойлау деңгейі мен әлеуетін бағалауға бағытталуы тиіс.

       Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, репетиторлық нарықты реттеуде алдымен нақты мәселені анықтап, содан кейін деректерге сүйеніп шешім қабылдау қажет. Оның айтуынша, басты сұрақ — қосымша сабақтарға деген сұранысты шектеу арқылы жою мүмкін бе, әлде бұл қызметті қымбаттатып, көп отбасы үшін қолжетімсіз ете ме?

       https://kaz.inform.kz/



 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите