Қазақстандықтардың 56 пайызы артық салмақпен өмір сүрсе, әрбір бесінші тұрғынға семіздік диагнозы қойылған.
Бұл Obesity Atlas халықаралық зерттеуінің дерегі. Алайда көпшілік мәселенің мәніне аурудың зардабын тартқанда ғана үңіліп, дәрігердің көмегіне дерт дендегенде ғана жүгінеді. Ал оның алдын алып, артық салмақтан арылудың амалы қандай? Даниялық фармацевтикалық компанияның Қазақстандағы өкілдігі бұл мақсатта артық салмақпен күресуге арналған жаңа препаратты нарыққа шығарды. Ендеше оның әсері, құрамы мен құндылығы жайлы әрмен қарай әріптесіміз тарқатсын.
Артық салмақ — артық жүк. Бірақ оның салмағы таразыдағы көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Денсаулыққа түсірер салмағы одан да ауыр. Эндокринолог маманның сөзіне сенсек, елдегі балалардың 23 пайызы артық салмақпен күресіп келеді.
Айдана Қырықбаева, балалар эндокринологы:
- Семіздік, өкінішке орай, тек қана артық салмақ емес, одан бөлек әрі қарай қант диабетінің 2-типі, артериалды гипертензия, бауырды май басуы деген сияқты асқынуларын алып келуі балалардың арасында кездеседі. Бұл өте өзекті мәселе. Себебі дәл қазіргі таңда статистика бойынша 170 миллиондай бала семіздікке шалдыққан.
Бүгінгі күннің басты мәселесінің біріне айналған ауруды ауыздықтау үшін «Ново Казахстан» компаниясы Wegovy препаратын отандық нарыққа әкелді.
Манвендра Сингх, «Novo Kazakhstan» компаниясының Қазақстандағы бас директоры:
- Бұл құрамында семаглутид молекуласы бар, аптасына бір рет инъекция түрінде енгізілетін, артық салмақтан арылуға арналған дәрілік препарат. Оны 12 жастан асқан адамдар дәрігердің бақылауымен, өмір салтын өзгерту шараларымен қатар қолдана алады. Біз үшін ең басты басымдықтардың бірі оның қауіпсіздігі.
Компания басшысының айтуынша, препарат мидағы аштық сезімін реттейтін рецепторларға әсер етіп, тәбетті төмендетеді. Дей тұрғанмен, дәріні қабылдаушы майлы, қуырылған тағамдарды шамадан тыс тұтынса, дәрінің жанама әсері болу ықтималдығы артпақ. Сондықтан препаратты міндетті түрде дәрігердің бақылауымен қабылдау шарт. Дәрілік затты осы уақытқа дейін АҚШ, Канада, Бразилия, Дания сынды әлемнің 65 елінен 35 миллионнан астам адам қолданып үлгерген. Енді бұл тізімді Қазақстан да толықтырмақ.
https://24.kz/kz/