Қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді? Заңгер жауабы

Қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді? Заңгер жауабы

фото: pixabay.com

Қайтыс болған адамның несиесі өз-өзінен жабылып кете ме? Әлде оны мемлекет төлей ме? Әлде мұрагер төлеуге тиіс пе?  Бұл сұрақтарға заңгер Еркебұлан Оразов жауап береді.

Қайтыс болған адамның несиесін мұрагері төлейді

Банктен қарыз алған адам қайтыс болса да, оның банк алдындағы қарызы тоқтамайды, деп жазды baribar.kz. Қайтыс болған адамның несиесін төлеу оның мұрагеріне жүктеледі.

Бұл ретте Азаматтық кодекстің 1081-бабы бойынша, мұрагердің қарыз төлеу жауапкершілігі өзіне мұра болып өткен мүліктің құнымен шектеледі. Демек, мұрагер қайтыс болған адамның мүлкін мұраға алса, сол мұраның құны шегінде оның қарызына жауап береді. Мұрагер мұра құнынан асып кеткен қарызды өзінің жеке қаражаты есебінен өтеуге міндетті емес, — дейді заңгер.

Қайтыс болған адамның мұрасын алған адам несиесін де төлейді

Қайтыс болған тұлға өсиет қалдырмаса, мұрагерлер заң бойынша анықталады. Заң бойынша, бірінші кезектегі мұрагерлерге мұра қалдырушының балалары, жұбайы және ата-анасы жатады. Олар мұраны тең үлеспен қабылдайды. Бұл Азаматтық кодекстің 1061-бабында көрсетілген.

Мысалы, мұра қалдырушының екі баласы, жұбайы және ата-анасы қалды делік. Бұл жағдайда мұра осы бес адамның арасында теңдей бөлінеді.

— Алайда қайтыс болған адамның баласы немесе басқа да туысы болғаны оның автоматты түрде мұра қабылдағанын білдірмейді. Мұраны заңда белгіленген тәртіппен қабылдау қажет. Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі — мұра ашылған күннен бастап алты ай уақыт. Мұраның бір бөлігін қабылдап, екінші бөлігінен бас тартуға болмайды. Мысалы, мұрагер «пәтерді қабылдаймын, бірақ ипотекасын қабылдамаймын» деген таңдау жасай алмайды. Мұра қабылданса, мұра құрамына кіретін мүлікпен бірге мұра қалдырушының міндеттемелері, яғни банктегі қарызы да қабылданады, — деп түсіндірді заңгер.

Мұрагер қайтыс болған адамның несиесін төлегенде оған қандай да бір жеңілдік жасала ма?

Мұрагер өзіне өткен мұралық мүліктің құны көлеміне дейінгі несие қарызын төлейді.

Мәселен, мұраның құны 5 миллион теңге, ал қарызы 10 млн теңге делік. Бұл жағдайда мұрагер 10 миллион теңгені толық өтеуге міндетті емес. Оның мұрагер ретінде жауапкершілігі өзіне өткен мұраның құнымен, яғни 5 миллион теңгемен шектеледі. Сонымен қатар, несие шарты бойынша қарыз алушы өмірін сақтандырған ба, соны анықтап алу керек. Кейбір жағдайда сақтандыру компаниясы қайтыс болған адамның несие берешегін сақтандыру шартының талабы бойынша толық немесе ішінара өтеуі мүмкін, — дейді Еркебұлан Оразов.

Заңгердің айтуынша, заңнамада қайтыс болған адамның несиесін төлейтін мұрагерге пайызды немесе негізгі берешекті азайтуға қатысты міндетті жеңілдік көзделмеген. Мұндай мүмкіндік несие шартына, сақтандыру талабына немесе банкпен жасалған келісімге байланысты болуы мүмкін.

Кейбір жағдайда банктің ішкі бағдарламасына немесе мемлекеттік бағдарламалардың талабына сәйкес келген кезде, банк қарыздың бір бөлігін азайтуы немесе белгілі бір бөлігін кешіруі мүмкін. Сондықтан мұрагерлер мұндай мүмкіндік бар-жоғын банктен алдын ала сұрап алғаны дұрыс.

Мұрагер несие өтеуден бас тарта ала ма? Бас тартса, не болады?

Мұрагер мұраны қабылдап, қайтыс болған адамның несиесін төлемесе, банк мұрагерге өткен мұра құны шегінде берешекті өтеуді талап етіп, оны сот арқылы өндіріп алуға құқылы.

Қайтыс болған тұлғаның жақындары мен өзге де мұрагерлері мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагер мұрадан бас тартса, ол мұралық мүлікті де қабылдамай алмайды және мұрагер ретінде қайтыс болған адамның несиесін де өтемейді, — дейді заңгер.

Мұрадан бас тарту заңда белгіленген мерзімде және нотариус арқылы жүзеге асады. Алайда мұрадан бас тартуды шешпес бұрын, мұра құрамындағы мүліктің де, несиенің де көлемін анықтап алған дұрыс.

Қайтыс болған адамның мұрасы болмаса да, мұрагер оның несиесін төлеуі керек пе?

Еркебұлан Оразовтың айтуынша, қайтыс болған адамның артында мұраға қалатын мүлкі болмаса, оның балалары немесе басқа да туыстары тек туыс болғаны үшін оның несиесін өз қалтасынан төлеуге міндетті емес.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите