Мектептегі әлімжеттік: балаңызды қорғау үшін не істеу керек?

Мектептегі әлімжеттік: балаңызды қорғау үшін не істеу керек?

фото: pexels.com

Мектептегі әлімжеттік мәселесі баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Қазақстанда баланы жәбірлеудің алдын алу және мұндай жағдай анықталған кезде әрекет ету тәртібі арнайы қағидалармен реттелген. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бекітілген. Құжат әділет министрлігінде №31180 болып тіркелген. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.  

 

Әлімжеттік көрсету (буллиң) деген не?

Қағидада балаға әлімжеттік көрсету (буллиң) деп қорлау сипатындағы жүйелі, екі немесе одан да көп рет жасалатын әрекеттер, қудалау және  қорқыту түсіндіріледі.

Оған баланы белгілі бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу де жатады. Мұндай әрекеттер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникация желілері арқылы жасалса, ол кибербуллиң болып саналады.

Мектеп мұндай жағдайда не істеуі керек?

Білім беру ұйымы әкімшілігі әлімжеттіктің алдын алуға және оған жол бермеуге бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізуге міндетті.

Оқу жылының басында мектеп басшысы әлімжеттік профилактикасы жөніндегі жоспарды бекітеді. Оның аясында:

  • оқушыларға, педагогтарға және ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;
  • педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру шаралары ұйымдастырылады;
  • әлімжеттікке жол берілмейтіні туралы оқушылар мен ата-аналар хабардар етіледі;
  • әлімжеттік белгілері анықталса, оған дереу ден қойылады;
  • педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді;
  • білім беру ортасының қауіпсіздігіне мониториң жүргізіледі.

Түсіндіру жұмыстары кемінде тоқсанына бір рет жүргізілуге тиіс.

Фото: pexels.com.

    Әлімжеттік туралы хабарлама түскенде қандай тәртіп қолданылады?

Әлімжеттік фактісі туралы ақпарат мектепке немесе білім саласындағы жергілікті атқарушы органға түскен жағдайда, ол арнайы есепке алу журналына тіркеледі.

Мектепке ақпарат түскен болса, ол бір күн ішінде білім беру ұйымының басшысына жеткізіледі.

Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ақпарат түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшісі мен педагог-психологты қатыстыра отырып:

  • әлімжеттік көрген баламен;
  • әлімжеттік көрсетушімен;
  • олардың заңды өкілдерімен әңгімелесу жүргізеді.

Жанжалды бейбіт жолмен реттеу шаралары қабылданады. Медициналық көрсеткіштер болса, зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетілуіне жәрдемдеседі.

Әңгімелесуден кейінгі жұмыс нәтижесі туралы ақпарат бір жұмыс күні ішінде мектеп басшысына беріледі.

Әлімжеттік фактісін кім анықтайды?

Ақпарат білім саласындағы жергілікті атқарушы органға түссе, ол жиналған деректер негізінде екі жұмыс күні ішінде әлімжеттікті тану немесе танымау туралы шешім қабылдайды.

Әлімжеттік фактісі танылған жағдайда зардап шеккен балаға әлеуметтік оңалту, ал әліжеттік көрсетушіге әлеуметтік бейімдеу шаралары қарастырылады.

Білім беру ұйымы әлімжеттікке қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету үшін жеке жұмыс жоспарын әзірлейді.

Әлімжеттік көрсетушінің мінез-құлқында оң өзгеріс байқалмаса, мектепішілік есепке қойылған күннен бастап алты ай ішінде материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі.

Ата-ана мектеп шешімімен келіспесе не болады?

Әлімжеттік көрген баланың заңды өкілдері білім саласындағы жергілікті атқарушы органның шешімімен келіспеген жағдайда, оған заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

Жәбірленушінің заңды өкілдері білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның шешімімен келіспеген жағдайда оған Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес шағым жасайды.

Полицияға қашан жүгінуге болады?

Әлімжеттік фактісі анықталған жағдайда білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары бұл туралы тиісті білім беру органына, баланың оқу орнына және ішкі істер органдарына дереу жазбаша түрде хабарлауға тиіс.

Ал баланың заңды өкілі полицияға жүгінсе, ішкі істер органдары өтінішті қарайды. Әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда тексеру жүргізіледі.

Бала әлімжеттік салдарынан медициналық көмекке жүгінсе, денсаулық сақтау ұйымы оның жағдайын тіркеп, көзбен шолып тексеру жүргізеді және медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес қажет көмек көрсетеді.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите