Кейбір адамдар беймезгіл уақытта шулап, қоқысты жинамай, кіреберісте темекі шегіп, тәртіп сақтамайтын көршілерге жолығады. Мұндай әрекеттер тұрғындардың тыныштығын бұзып қана қоймай, заң мен ережеге де қарама-қайшы болуы мүмкін. Көршілермен сөйлесіп, ескерту айту әрдайым нәтижелі бола бермейді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды
Құқық бұзу әрекетіне куә болған жағдайда қайда шағымдануға болады?
Көрші тәртіп бұзса, не істеу керек?
Көппәтерлі тұрғын үйде шулап, темекі шегіп, қоқыс тастау сынды әрекеттерге айыппұл қарастырылған. Krisha.kz мәліметінше, алдымен көршіңізбен сөйлесіп, нақты не нәрсе сізге кедергі келтіретінін түсіндіріп көрген жөн. Кей жағдайда адам заңсыз әрекеті арқылы айналасындағыларға кедергі келтіріп жатқанын байқамауы мүмкін.
Дәлел ретінде фото, видео сақтап қойыңыз
Егер көрші ескертуді елемесе, құқық бұзу әрекетін тіркеп қою керек. Фото немесе видео түсіріп, оқиғаның күні мен уақытын жазып алыңыз. Үйде бейне бақылау камерасы бар болса, қажет жазбаны сақтап қоюға болады. Құқық бұзушылық бірнеше рет қайталанған жағдайда дәлел болғаны жөн.
Қоғамдық тәртіп сақталмаса, 102 нөміріне хабарласыңыз
Тұрғындардың әрекеті қоғамдық тәртіп бұзуға қатысты болса, 102 нөміріне хабарласыңыз немесе жергілікті полиция инспекторына шағымданыңыз. Ал үйдің ортақ мүлкіне қатысты мәселе бойынша, мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ немесе ОСИ) немесе басқарушы компанияға хабарласуға болады. Өмірге, денсаулыққа немесе қауіпсіздікке қатер төнсе, 109 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Құқық бұзу әрекетіне куә болсаңыз, полицияға немесе басқа да мемлекеттік органдарға E-Otinish жүйесі арқылы арыз жазуға болады. Арыз жазғанда жағдайды толық сипаттап, қолда бар дәлелдерді тіркеп, өтініштің нөмірін сақтап қою керек.
Айыппұл немесе басқа жаза түрлері
| Егер көрші … | Қайда шағымдану керек? | Айыппұл немесе басқа жаза |
|---|---|---|
| Сағат 22:00-ден кейін шуласа | 102 нөміріне, жергілікті полиция инспекторына | 21 625 теңге (5 АЕК, 437-бап) |
| Кіреберіске қоқыс тастаса | 102, ОСИ, КСК | 21 625 теңге (5 АЕК, 434-2-бап) |
| Кіреберіске тым көп зат қойса | 109, ОСИ, КСК | 21 625 теңге (5 АЕК, 410-бап) |
| Кіреберісте темекі шексе | 102, жергілікті полиция инспекторына | 62 875 теңге (15 АЕК, 441-бап) |
| Кіреберісте алкоголь ішсе | 102, жергілікті полиция инспекторына | 21 625 теңге (5 АЕК, 440-бап) |
| Жануарларын қараусыз жіберсе | 102, жергілікті полиция инспекторына | 43 250 теңге (10 АЕК, 407-2-бап) |
| Балағат сөз айтып, көршілерге тиіссе | 102, жергілікті полиция инспекторына | 86 500 теңге (20 АЕК, 434-бап), қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу |
| Біреудің мүлкін бүлдірсе | 102, ОСИ, КСК | 216 250 теңге (50 АЕК, 147-1-бап) немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу |
Айыппұл мөлшері ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша көрсетілген. 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге.
Жанжалды ушықтырмаңыз
Көрші ескертуге құлақ аспаса да, оған жауап ретінде әдейі керағар әрекет етпеңіз немесе мәселені өз бетіңізше шешуге тырыспаған дұрыс. Бұл жанжалды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
Материал baribar.kz сайтынан алынды.