Енді баланың қай спортқа бейімі барын жасанды интеллект анықтайды

Енді баланың қай спортқа бейімі барын жасанды интеллект анықтайды

фото: Kazinform/ЖИ

Баланың қай спортқа бейімі барын енді жаттықтырушы ғана емес, жасанды интеллект те анықтайды. Қазақстандық мамандар AI Sport атты тың платформа әзірлеген. Жоба бүгін елордада өткен Sport Tech конференциясында таныстырылды.

Платформада 57 жаттығу цифрланған. Жүйе баланың қозғалысын, реакциясы мен жаттығу техникасын талдайды, деп жазды kaz.inform.kz. Соның негізінде лайықты спорт түрін ұсынады. Ал нәтижесі спорт федерацияларына жіберіледі.

Қазақстанда баланың спортқа бейімін анықтайтын AI платформа әзірленді Фото: Видеодан скрин

Бұл әсіресе ауылдағы балалардың қабілетін ерте байқауға мүмкіндік береді. Қазір платформаны 3 мыңға жуық адам пайдаланып жүр.

— Бір бала күш жаттығуларын жақсы орындауы мүмкін. Екіншісінің реакциясы мен координациясы жоғары болады. Платформа осы көрсеткіштерді жинап, талдау арқылы баланың қай спорт бағытына бейімі жоғары екенін анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде тиісті ақпарат спорт федерацияларына ұсынылады. Бұл деректер жаттықтырушының жеке кабинетінде де көрінеді, — деді AI Sport платформасының директоры Ғабит Салтабаев.

Ғабит Салтабаев Фото: Видеодан скрин

AI Sport платформасы төрт ай бұрын іске қосылған. Алайда жоба авторлары оған дейін екі-үш жыл бойы спорт пен технологияны ұштастыру бағытында зерттеу жүргізген.

— Өзім баскетболдан спорт шеберімін. Спорт саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Технология бағытына үш жыл бұрын келдім. AI Sport — осы бағыттағы үшінші жобамыз. Алдыңғы жобалардың тәжірибесіне сүйеніп әзірледік, — деді Ғабит Салтабаев.

Платформада жалпы жаттығулардан бөлек, спорттың алты бағытын цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Олардың қатарында баскетбол, үстел теннисі, футбол, бокс және дзюдо бар.

Қазақстанда баланың спортқа бейімін анықтайтын AI платформа әзірленді Фото: Видеодан скрин

Мысалы, үстел теннисінде жүйе спортшының қозғалысын, соққы техникасын және жылдамдығын талдай алады. Оң және сол жақтан жасалған соққыларды бағалап, спортшының қателерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоба авторларының айтуынша, жасанды интеллект жаттықтырушыны алмастырмайды. Керісінше, маманның жұмысын жеңілдетіп, спортшының нәтижесін жүйелі бақылауға көмектеседі.

— Біздің мақсатымыз — жаттықтырушыны алмастыру емес. Оған қосымша құрал ұсыну. Спортшының күнделікті жаттығуы туралы деректер жинақталса, маман оның прогресін бақылап, жаттығу процесін тиімді жоспарлай алады, — деді ол.

Бүгінгі жиын барысында Қазақ ұлттық спорт университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді университеттің ғылыми орталығы базасында спорт, технология және жасанды интеллект бағыттарын ұштастыратын зерттеулер жүргізіледі.

Қазақстанда баланың спортқа бейімін анықтайтын AI платформа әзірленді Фото: Видеодан скрин

Әрі, бұл платформада оқытушылар мен студенттерге арналған жеке кабинеттер де бар. Оқытушылар студенттерге үй тапсырмасын беріп, олардың жаттығу нәтижесін де бақылай алады.

AI Sport әзірлеушілері платформаны алдағы уақытта шетел нарығына шығаруды да жоспарлап отыр.

— Жүйе бұқаралық спортты қолжетімді етуге бағытталған. Пайдаланушылар үшін негізгі мүмкіндіктер мен челлендждер тегін ұсынылады, ал корпоративтік компанияларға арналған қызметтер жазылым негізінде көрсетіледі, — деді ол.

Айта кетейік, жасанды интеллектіге негізделген отандық стартап Токиодағы форумда таныстырылмақ. 
 

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите