25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болады

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болады

фото: Kazinform

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстанда аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

— Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды, —  делінген хабарламада.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметкер қаза тапты, деп жазды Kazinform. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Кейінірек әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әкімдіктің мәліметінше, Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты 2026 жылғы 25–27 қыркүйек аралығында Ақтау қаласындағы «Амфитеатр» алаңында өткізілуі жоспарланған мерекелік іс-шаралар өткізілмейді.

— Атап айтқанда, 25 қыркүйекке жоспарланған «Каспий — достық теңізі» фестивалінің салтанатты ашылуы, сондай-ақ 27 қыркүйекте өтетін фестиваль-байқаудың жабылу салтанаты мен Ақтау қаласының туған күніне арналған мерекелік гала-концерт өткізілмейді. Қала әкімдігі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздардың отбасылары мен жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтады, — делінген ведомство хабарламасында.



Ақпарат Kazinform сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите