Жемқорлық туралы хабарлаған азамат қанша сыйақы алады?

Жемқорлық туралы хабарлаған азамат қанша сыйақы алады?

фото: pixabay.com

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған немесе жемқорлыққа қатысты заңсыздықтың жолын кесуге көмектескен азаматтарды ынталандыру тәртібі өзгерді. Жаңа ереже бойынша, хабарлаған адамға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы төленуі мүмкін. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сыйақы кімдерге беріледі?

Жаңа ереже енді жасалатын, жасалып жатқан немесе жасалған сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған азаматқа қатысты.

Сыйақы көлемі пара сомасына немесе залалдың мөлшеріне қарай есептеледі. Ең жоғары төлем мөлшері биыл қолданыстағы нормативтер мен айлық есептік көрсеткіш көлемі бойынша, 17,3 млн теңгеге дейін жетеді.

Алайда барлық кезде азаматқа ақшалай сыйақы берілмейді. Оның мөлшері нақты істің мән-жайына және тексеріс нәтижесіне қарай бекітіледі.

Мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіп бөлек. Қызметкердің лауазымды міндетіне өзіне белгілі болған жемқорлық туралы басшылыққа немесе уәкілетті органға хабарлау міндеті кірсе, оған ақшалай сыйақы емес, мадақтама немесе алғыс жариялау түріндегі ынталандыру қарастырылған.

Сыйақы алу үшін не істеу керек?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган азаматқа ынталандыру рәсіміне өтініш беру тәртібін түсіндіруге тиіс.

Азаматтың хабарламасы қаралып, материалдар дайындалғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе оның аумақтағы органына жолданады.

Қажет құжаттар:

  • сыйақы беру туралы өтініш хат;
  • тіркеу нөмірі көрсетілген өтініштің көшірмесі;
  • әкімшілік жауапқа тартылса, әкімшілік іс бойынша құжаттар;
  • қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген айыптау үкімі немесе істі тоқтату туралы қаулы;
  • өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
  • ұлттық валютадағы жеке шоттың бар екені және нөмірі көрсетілген банк анықтамасы болуы керек.

Азаматқа мадақтама беру немесе алғыс жариялау туралы шешім қабылданса, азамат құжат тапсырып, өтініш бермейді.

Сыйақыны төлеу тәртібі

Материалдар ҰҚК қызметіне немесе жергілікті органға түскеннен кейін  талапқа қаншалық сай келетіні бес жұмыс күні ішінде тексеріледі.

Кейін құжаттарды арнайы комиссия қарайды. Комиссия құрамында кемінде бес қызметкер болуға тиіс. Комиссия азаматты ынталандыратын шешім шығарса, бір жұмыс күні ішінде бұйрық шығуы керек.

Бұйрық бір рет қаржылай сыйақы төлеуге және азаматты мадақтамамен марапаттауға немесе оған алғыс жариялауға негіз болады. Сыйақы азаматтың банк шотына бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде аударылуға тиіс.

Жаңа талап 22 тамыздан бастап күшіне енеді.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите