Жасанды интеллект актерлерді алмастыра бастады

Жасанды интеллект актерлерді алмастыра бастады

фото: pixabay.com

Қарқынды дамып жатқан жасанды интеллект индустриясы Қытайдағы актерлер мен онлайн-инфлюенсерлерге қауіп төндіре бастады. The Financial Times жазуынша, ByteDance-тің Seedance 2.0 сияқты видео жасау модельдері адамдарды цифрлық актерлермен алмастыруға мүмкіндік беріп, контент өндірісінің уақыты мен шығынын едәуір азайтты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Кино өндірісіндегі өзгеріс

Пекинде қысқаметраж драмаларға түсіп, продюсерлікпен айналысатын актер Грег Воллнердің айтуынша, Seedance 2.0 шыққаннан кейін жағдай күрт өзгерген. Бұған дейін ол аптасына үш түрлі жобаға қатысқан. Алайда жаңа ЖИ моделі пайда болған соң, оның сөзінше, «бәрінің астан-кестеңі шықты». Воллнердің біраз досы өздері жақсы көретін кәсібін тастап, басқа іспен айналысуға мәжбүр болғанын айтты.

DataEye аналитикалық компаниясының мәліметінше, мамыр айында Қытайдың ByteDance компаниясына тиесілі TikTok нұсқасы – Douyin платформасындағы ең танымал 100 анимациялық драманың 89-ы жасанды интеллект көмегімен жасалған.

Қытайдың Желілік аудиовизуал қызметтер қауымдастығының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елде шамамен 128 мың қысқаметраж сериал шығарылған. Бұл көрсеткіш өткен бүкіл жылдың көлемінен үш еседей көп. Олардың 95 пайызы жасанды интеллект арқылы дайындалған.

Қысқаметраж сериалдар саласында жүздеген мың адам жұмыс істейді

Пекин университетінің Ұлттық даму мектебінің 2026 жылғы дерегіне сәйкес, Қытайдағы қысқаметраж сериалдар индустриясы 690 мың адамды  жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ал Қытайдың Желілік аудиовизуал қызметтер қауымдастығының 2024 жылғы есебінде шамамен 15 миллион адам тікелей эфир арқылы сауда жасауды негізгі кәсібі ретінде көрсеткені айтылған.

Жасанды интеллект тікелей эфир арқылы жүргізілетін электрон коммерция саласында да адамдарды белсенді алмастырып жатыр.

Цифрлық жүргізушілер тауарларды тәулік бойы тоқтаусыз сата береді, ал олардың шығыны адам еңбегінен 10 есе арзан.

Наурыз айындағы мәлімет бойынша, JD.com сауда алаңындағы цифрлық жүргізушілерді 70 мыңнан астам сатушы пайдаланған.

Тіпті танымал стример Ло Юнхаоның цифрлық көшірмесі бірнеше тауар санатында өзінің шынайы нұсқасынан да асып түскен. Baidu мәліметінше, оның цифрлық нұсқасы небәрі жеті сағатта 55 миллион юань, яғни шамамен 7,7 миллион доллар табыс әкелген.

Контент өндіру құны да күрт төмендеді

Жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы контент жасауға кететін уақыт пен шығынды да айтарлықтай азайтқан.

Цинхуа университетінің профессоры әрі ЖИ-анимациямен айналысатын Zeelin компаниясының басшысы Шэнь Янның айтуынша, 2024 жылы ұзақтығы үш-бес минут болатын драманы жасау үшін бес адамнан тұратын командаға шамамен үш ай қажет болған.

Қазір дәл осындай жұмысты бір адам бір-екі күн ішінде жасай алады.

Бір минуттық видео жасауға кететін шығын 600–800 юань, яғни шамамен 90–120 доллар болады. Бұл адамдар түсірген контент құнынан 10 есе арзан.

Тек мамыр айының өзінде Zeelin компаниясы ұзақтығы бір минуттан болатын шамамен 8 мың эпизод шығарған.

Кейбір актерлер өздерінің цифрлық көшірмесін жасауға мәжбүр

Басылым балаларға арналған  танымал білім беру бағдарламасының жүргізушісін мысалға келтіреді. Оған өзінің сыртқы келбеті, дауысы және орындау мәнерінің ЖИ-көшірмесін жасауға келісім беру ұсынылған.

Ол бұған келіспесе, компания басқа актерлерді іздеуге ниетті болған.

Жүргізушінің айтуынша, бұған дейін цифрлық көшірмесін жасауға келісім берген орындаушыларды әріптестері «жұмысымызды тартып алып жатыр» деп сынайтын. Алайда қазір болып жатқан өзгерістер оған қашып құтыла алмайтын үрдіс сияқты көрінеді.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите