Қазақстанда халық денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер жақсарып келеді. 2025 жылы елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Нәресте өлімі де төмендеген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 15%-ға азайып, тірі туған әр мың балаға шаққанда 5,85 жағдайға дейін түсті. Бұл — Қазақстан тарихындағы ең төмен көрсеткіш.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша бірінші орында тұр. Нәресте өлімі бойынша да өңірдегі ең төмен көрсеткіш Қазақстанда. ТМД елдері арасында республика үшінші орында.
Қазақстан Орталық Азияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға қысқарту жөніндегі нысаналы көрсеткішіне алғаш болып қол жеткізген. ДДҰ бағалауынша, осы бағытта ұсынылған шаралардың жартысы толық іске асырылған.
— Медициналық көмектің қаржылық қолжетімділігі де салыстырмалы түрде жоғары деңгейде. Азаматтардың денсаулық сақтауға өз қалтасынан жұмсайтын шығыстарының үлесі — 27,3%. Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі көрсеткіштен 1,5-2,9 есе төмен, — делінген хабарламада.
Қазақстан өмір сапасына қатысты халықаралық рейтингтерде де жоғары позицияда. Ел — БҰҰ-ның Бақыт индексі бойынша алғашқы 50 елдің қатарына кіретін ТМД-дағы жалғыз мемлекет. 147 елдің ішінде Қазақстан 33-орында тұр.
Ал тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу рейтингінде Қазақстан 167 елдің арасында 67-орынға көтерілген. «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бағыты бойынша нәрестелер мен балалар өлімінің азаюы, туберкулезбен сырқаттанудың төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының артуы атап өтілген.
Ақпарат Kazinform агенттігінен алынды.