МИБ пен ПИК: тұрғын нені білу керек

МИБ пен ПИК: тұрғын нені білу керек

фото: egemen.kz

       Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту ісі қарқын алып, жаңа тұрғын үйлердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Ал жаңа үйге қол жеткізумен қатар, оны тиімді басқару, ортақ мүлікті ұқыпты пайдалану және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру да күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осыған орай Алматы қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға қатысты тегін құқықтық кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып отыр.

       Бүгінде Алматыда он мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Мұндай ауқымды тұрғын үй қорын сапалы күтіп ұстау тек басқарушы ұйымдардың ғана емес, әрбір пәтер иесінің белсенділігіне де байланысты. Сондықтан Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы тұрғындарды тұрғын үй заңнамасымен кеңінен таныстырып, ортақ мүлікті тиімді басқару жолдарын түсіндіруге басымдық беріп келеді.

       Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбіне ортақ мүлікті пайдалану тәртібі, мүлік иелері бірлестігі төрағасының өкілеттігі, бұрынғы ПИК-терді қайта тіркеу, сервистік ұйымдармен келісімшарт жасау және тұрғын үйді күтіп ұстау қызметінің сапасына қатысты сауалдар қояды. Басқарма өз құзыреті аясында меншік иелерінің жиналысын ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, басқару органдарының қызметіне бақылау жүргізеді. Қажет болған жағдайда уақытша басқарушы компанияларды тағайындап, жаңадан сайланған МИБ төрағаларына әдістемелік көмек те ұсынады.

       Тұрғын үй инспекциясы көппәтерлі үйлерді басқаруға қатысты барлық мәселе қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешілуі тиіс екенін еске салады. Ал меншік иелерінің жалпы жиналыстарға белсенді қатысуы тұрғын үйді тиімді басқаруға, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға және ортақ мүліктің дұрыс сақталуына негіз болады.

       Тұрғындарға тәжірибелік көмек көрсету мақсатында пәтер иелеріне, МИБ төрағаларына, ПИК өкілдеріне және басқарушы ұйымдардың қызметкерлеріне арналған тегін құқықтық әрі әдістемелік кеңестер өткізіліп келеді. Кеңес Алматы қаласының Тұрғын үй инспекциясында Достық көшесі, 85-үйде әр сейсенбі және бейсенбі күндері таңғы сағат 9:00-ден 12:30-ға дейін, Түрксіб аудандық ресурстық орталығында дүйсенбі күні 9:00-ден 16:00-ге дейін, сондай-ақ Алматы қаласының ПИК қауымдастығында 12-шағынаудан, 2-үй, 42-кеңседе беріледі. Мамандар тұрғындарды өз үйлерін басқару ісіне белсенді араласып, құқықтық мәселелер бойынша білікті кеңес алуға шақырады. Өйткені тұрғындар, басқарушы ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің өзара тиімді ынтымақтастығы ғана жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастырады.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите