Қазақстандықтар автокөлікті несиеге барған сайын белсенді сатып алуда, алайда автонесиелеу көлемімен бірге тәуекелдер де артып келеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде автонесиелер портфелі 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте мерзімі өткен берешек көлемі 240 млрд теңгеге жуықтады.
Тағы бір алаңдатарлық көрсеткішті Ұлттық банк келтіреді: үшінші сатыдағы автонесиелердің үлесі 5,7%-ға жетті. ХҚЕС бойынша бұл санатқа құнсыздану белгілері бар және қайтарылмау тәуекелі жоғары проблемалық несиелер жатады.
Неліктен қарыз алушылар автонесиені өтеуде қиындықтарға тап болады және автокөлікті несиеге сатып алмас бұрын нені ескеру қажет? Бұл мәселелерді Qazaq Expert Club сарапшысы, э.ғ.к., қаржыгер Айгерім Ильясова талдайды.
Оның пікірінше, проблемалық автонесиелердің мұндай деңгейі кепілсіз тұтынушылық қарыздармен салыстыруға келеді, дегенмен теориялық тұрғыдан төмен болуы тиіс. Салыстыру үшін, мерзімі өткен ипотекалық портфельдің үлесі 2–3%-ды құрайды, бұл кепілмен қамтамасыз етілген несиелер үшін заңды көрсеткіш.
«Ипотекамен салыстырғанда, автонесие алу туралы шешімді қарыз алушылар жеңілірек әрі жылдамырақ қабылдайды, ал рәсімдеу автосалонда қысқа уақыт ішінде жүзеге асады. Бұған қоса, тұрғын үй несиелеріне деген сұраныс халық табысының деңгейі мен жылжымайтын мүлік бағасының жоғары болуына байланысты шектеулі. Ал автонесиелерде жеңілдетілген несиелеу және автодилерлердің бастапқы жарнасы төмен ынталандырушы бағдарламалары сұранысты арттырып отыр», – деп түсіндіреді сарапшы.
Қаржыгер тағы бір маңызды факторға назар аударады: 2025 жылдан бастап борыш жүктемесі коэффициентінің (БЖК) талаптары жаңа автокөлік сатып алуға берілетін несиелерге қолданылмайды. Қолданылған автокөліктер үшін бастапқы жарна кемінде 50% болған және басқа да талаптар сақталған жағдайда БЖК-дан босату қарастырылған.
Қарыздардың басқа барлық түрлері үшін БЖК 0,5-ті құрайды, яғни барлық несиелер бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушының айлық табысының жартысынан аспауы тиіс. Автонесиелерге қатысты қолданыстағы БЖК-дан босату 2026 жылдың соңына дейін күшінде болады және кейін ұзартылуы немесе тұрақты нормаға айналуы мүмкін.
Іс жүзінде бұл қарыз алушыны шамадан тыс борыш жүктемесінен қорғауға арналған шектеудің автонесиелердің бір бөлігіне қолданылмайтынын білдіреді.
«Қарыз алушылардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – көлік сатып алғанда тек ай сайынғы төлем мөлшерін есепке алу. Алайда автокөлік міндетті түрде қосымша шығындарды талап етеді: бензин, дөңгелек сатып алу, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, көлік салығы. Несие бойынша жоғары пайыздармен бірге мұның бәрі отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді», – дейді Ильясова. Сонымен қатар несие өтелетін уақыт ішінде автокөлік әдетте құнын жоғалтады. Ал автонесие бойынша кепіл ретінде дәл осы көлік қойылады.
Төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда банк берешекті реттеу шараларын қабылдағаннан кейін кепілдегі мүлікті соттан тыс немесе сот тәртібімен өткізе алады. Алайда осы уақытқа қарай автокөліктің нарықтық құны қалған берешек сомасынан төмен болуы мүмкін. Нәтижесінде қарыз алушы көліксіз қалып, сонымен бірге банк алдындағы қарызын да толық өтей алмай қалуы ықтимал.
Сарапшы былай деп кеңес береді: «Мұндай жағдайға тап болмас үшін көлікті несиеге сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын барлық артықшылықтары мен тәуекелдерін мұқият таразылау қажет.
Біріншіден, адамның қаржылық қауіпсіздік қоры болуы тиіс. Оның болуы көліктегі қауіпсіздік жастығы сияқты – жай кеңес емес, қажеттілік».
Қаржыгердің айтуынша, әлемдік тәжірибеде міндетті шығындардың орта есеппен алты айына жететін қаржылық қордың болуы ұсынылады. Жұмыстан айырылу, ауру немесе табыстың күрт төмендеуі күтпеген жерден болуы мүмкін.
Қаржылық қор несие төлемдерін уақытылы орындауға және отбасының қажетті шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. «Екіншіден, қазіргі жоғары банк мөлшерлемелері жағдайында автонесиенің экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді екенін бағалау керек. Автокөлікті несиеге сатып алу, егер ол жұмыс немесе жүк тасымалы үшін пайдаланылып, одан күтілетін жоғары табыс несие бойынша артық төлемді, көлікті ұстау шығындары мен оның тозуын өтейтін болса, орынды болуы мүмкін.
Мысалы, дұрыс есеп жасалған жағдайда жүк тасымалдау үшін жүк көлігін несиеге сатып алу тиімді болуы ықтимал», – деп толықтырады Айгерім Ильясова.
Үшіншіден, қаржыгердің кеңесі бойынша, несие алар алдында шағын стресс-тест өткізіп алған жөн. Ол үшін өзіңізге мына сұрақты қою қажет: егер менің табысым 20–30%-ға төмендесе, автонесиені төлеп, өмірлік қажетті шығындарды және көлікті пайдалану шығындарын өтей аламын ба? «Автонесие – эмоцияға немесе жаңа көлікпен айналадағыларды таңғалдыру ниетіне емес, нақты есепке негізделіп қабылдануы тиіс шешім.
Адам өз табысының тұрақтылығына және төлем кестесі бойынша міндеттемелерін уақытында орындай алатынына сенімді болуы керек. Банктің несие беруге дайын болуы оның отбасы бюджеті үшін міндетті түрде қолжетімді екенін білдірмейді. Әсіресе бүгінде автонесиелердің бір бөлігіне борыш жүктемесі коэффициенті бойынша шектеу қолданылмайтынын ескерген жөн», – деп ескертеді сарапшы.
https://24.kz/kz/