Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық. Биылғы қаңтар–маусым айларында елімізде 57 мың алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ranking.kz зерттеуі бойынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға аз. Ал 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда көрсеткіш 3,6 есе төмендеген.
Қылмыстардың басым бөлігі электрон форматта тіркеледі
Сарапшылардың мәліметінше, қазір қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі электрон форматта рәсімделеді. Бір жыл бұрын мұндай істердің үлесі 93,1% болған.
Бұл көрсеткіш қылмыстың интернетте жасалғанын білдірмейді. Әңгіме қылмыстық істі цифрлық форматта жүргізу туралы болып отыр. Мұндай жүйе құжаттарды жылдам рәсімдеуге және тергеу барысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Алматы көш бастап тұр
Биылғы алғашқы алты айда қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көп саны Алматыда тіркелген. Ал Қарағанды және Ақмола облыстарында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай азайған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 124 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,6% төмен. Ал 2015 жылмен салыстырғанда қылмыс саны үш еседен астам қысқарған. Өткен жылы тіркелген 113 мың қылмыстық құқық бұзушылық электрон форматта рәсімделген.
Сарапшылардың айтуынша, кейінгі 10 жылда қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрылымы едәуір өзгергенімен, алаяқтық әлі де ең жиі жасалатын қылмыс түрі болып қалып отыр.