Ыстықта ұйқы неге бұзылады? зерттеу

Ыстықта ұйқы неге бұзылады? зерттеу

фото: pexels.com

Дүниежүзінде түнгі температура 20 градустан төмен түспейтін тропикалық ыстық түндер жиілеген сайын, адамдардың ұйқы сапасы нашарлап барады. 2020-2025 жылдар аралығындағы жоғары температураның кесірінен Жер шарының әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 56 сағатқа жуық ұйқыдан қалды, бұл шамамен жеті толық түнге тең. Мұндай деректерді Climate Central ұйымының жаңа зерттеуіне сілтеме жасай отырып, Euronews хабарлайды, деп жазады TengriHealth.

Талданған 1300-ден астам қаланың барлығында дерлік климаттың өзгеруіне байланысты ыстықтан ұйқының бұзылуы 1970-жылдардың басымен салыстырғанда кем дегенде екі есе өскен. Ұйқының ең көп жоғалуы Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияға тиесілі, онда адамдар жылына орта есеппен 55-тен 91 сағатқа дейін аз ұйықтаған.

1970-жылдардың басында халық саны 500 мыңға жуық әдеттегі қала тұрғындары түнгі ыстықтан жылына шамамен 46 сағат ұйқысынан айырылса, 2020-жылдарға қарай бұл көрсеткіш шамамен 50 сағатқа дейін өсті. 2020–2025 жылдары бұл көрсеткіш 56 сағатқа жетті және талдау көрсеткендей, бұл жүктеменің артуына климаттың өзгеруі тікелей әсер етіп отыр.

"Аномальды жылы түндер бүкіл әлемдегі қалаға әсер еткенімен, бұл ауыртпалық біркелкі бөлінбеген - құрлықтар арасында да, олардың ішінде де айтарлықтай айырмашылықтар байқалады", - делінген материалда.

Мәселен, Еуропада ұйқының ең көп бұзылуы оңтүстік өңірлерде тіркелген. Кейінгі бес жылда Италияның Неаполь қаласының тұрғындары ыстық салдарынан жыл сайын 51 сағат ұйықтамаған.

Грекия астанасы Афинада ұйқының жетіспеушілігі жылына 45 сағатты, Испанияның Валенсиясында - 42 сағатты, ал Португалияның Лиссабоны мен Францияның Марселінде - 40 сағатты құрады.

Дегенмен, солтүстік елдердің өзінде адамдар ауқымы азырақ болса да, ыстықтан туындаған ұйқысыздықтан зардап шегіп жатыр.

Шотландияның Эдинбург қаласының тұрғындары 21 сағат, ал Стокгольм мен Хельсинки тұрғындары 20 сағаттан аз ұйықтаған. Ең төменгі көрсеткіш Ослода тіркелді - 18 сағат.

Ұйқы ағзаның күндізгі қалыпты жұмысы үшін маңызды рөл атқарады. Түнде ағза қалпына келуі керек, бірақ температура төмендемесе, бұл процесс жүрмейді де, дене күйзеліс күйінде қалады. Авторлардың айтуынша, нашар ұйқы көңіл күйдің, когнитивті қабілеттердің және өнімділіктің төмендеуіне, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары мен иммундық жүйе аурулары қаупінің артуына әкеледі.

Ұйқыға көптеген фактор әсер етеді, алайда жаһандық температураның көтерілуі және түнгі аптап ерекше сезілетін қалалық "жылу аралдарының" кеңеюіне байланысты түнгі ыстық барған сайын маңызды экологиялық қауіпке айналып жатыр.

Ұйқысыздық түннен түнге жинақталатындықтан, тіпті ыстық маусымда ұйқы ұзақтығының шамалы қысқаруының өзі денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.

Зерттеу көрсеткендей, жылы түндер 65 жастан асқан адамдардың ұйқысын орта жастағыларға қарағанда екі еседен астам көбірек бұзады, ал табысы орташа деңгейден төмен елдерде бұл әсер жоғары табысты мемлекеттермен салыстырғанда үш есеге жуық күштірек.

Сондай-ақ әйелдер мен климаты онсыз да ыстық аймақтардың тұрғындары көбірек зардап шегеді - бұл алшақтық алдағы уақытта температура көтерілген сайын ұлғая бермек.

Бұған дейін Қазақстанда қалыптан тыс ыстық болады деп хабарланған болатын. Кейбір аймақтарда термометр бағаны 45 градусқа дейін көтеріліп үлгерді, ал Алматы дәрігерлері күн өту жағдайларының екі есе артқанын тіркеп отыр. 

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите