Түнгі отшашу: полиция қалай анықтайды?

Түнгі отшашу: полиция қалай анықтайды?

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/jozzeppe

       Алматыда тұрғын үй кешендерінің аулаларында түнде атылатын салюттерге қатысты шағымдар көбейді. Тұрғындардың айтуынша, қатты дыбыс балалар мен қарттардың тыныштығын бұзып, үй жануарларын шошытады. Мұндай жағдайлар әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, полицияға шағымдануға шақырған пікірлер көбейген.

       Алматы полициясы заңсыз отшашу ұйымдастырушыларын анықтаудың техникалық мүмкіндігі жеткілікті екенін мәлімдеді. Бейнебақылау жүйелері, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар және тұрғындардың хабарламалары арқылы құқықбұзушылардың қозғалыс бағыты мен оқиғаға қатысы анықталады. Тіпті 102 нөміріне қоңырау түспеген жағдайдың өзінде әлеуметтік желілердегі ақпарат негізінде жауапқа тарту тәжірибесі бар.

       Мұндай әрекеттер үшін бірден екі әкімшілік бап қолданылады: тыныштықты бұзу және елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану. Соның нәтижесінде құқықбұзушыларға бірнеше айыппұл салынып, пиротехника тәркіленуі мүмкін. Қайталанған жағдайда жаза қатаңдай түседі.

       Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, туған күн, үйлену тойы немесе басқа жеке мерекелер заң талаптарын айналып өтуге негіз болмайды. Азаматтардың тыныштығын сақтау – әркімнің міндеті. Сондықтан құқықбұзушылықты дәлелдеу үшін тұрғындарға оқиғаның уақыты мен орнын тіркеп, фото-видео материалдарды және куәгерлердің мәліметін полицияға ұсыну ұсынылады.

       Бұл мәселе қала мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілікке де қатысты. Жеке қуаныш өзгенің тыныштығын бұзбауы тиіс. Ал құқық қорғау органдарының техникалық мүмкіндіктері артқан сайын, түнгі салют ұйымдастырушыларының жауапкершіліктен жалтаруы барған сайын қиындай түсуде.

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите