Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың ішінде 60-орынға тұрақтады. Бұл ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы ең үздік көрсеткіш, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жерде БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасы туралы сөз болып отыр, онда 2023 жылдың деректері пайдаланылған.
Қазақстанның адам дамуы индексі 0,837-ні құрады. Осылайша, еліміз адам дамуы деңгейі өте жоғары мемлекеттер санатына енді.
Рейтингте не ескеріледі?
Адам дамуы индексі немесе HDI елдерді бірден бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды:
- өмір сүрудің болжамды ұзақтығы;
- оқудың орташа және күтілетін ұзақтығы;
- жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс.
Индекс мәні 0-ден 1-ге дейін болуы мүмкін. Көрсеткіші 0,800-ден жоғары мемлекеттер адам дамуы деңгейі өте жоғары елдер санатына жатады.
Қазақстанда өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 74,4 жасты құрады. Оқудың күтілетін ұзақтығы 14 жылға жетсе, орташа ұзақтығы 12,5 жыл болды.
Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 30 989 доллар деп бағаланды.
Басқа елдер қандай орындарға ие болды?
ТМД елдері арасында Қазақстанға ең жақын көрсеткішке ие болғандар:
- Ресей - 64-орын, индекс 0,832;
- Беларусь - 65-орын, индекс 0,824;
- Армения - 69-орын, индекс 0,811.
Бұл мемлекеттер де адам дамуы деңгейі өте жоғары елдер тобына кірді.
Әзербайжан 0,789 индексімен 81-орынды, Молдова 0,785 көрсеткішімен 86-орынды, Украина 0,779 индексімен 87-орынды иеленді.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстаннан кейін мына мемлекеттер орналасқан:
- Түркіменстан - индекс 0,764;
- Өзбекстан - 0,740;
- Қырғызстан - 0,720;
- Тәжікстан - 0,691.
Тәжікстан осы тізімдегі адам дамуының орташа деңгейіне жатқызылған жалғыз ел болды.
Әлемдік орташа деңгейден жоғары
2023 жылдың қорытындысы бойынша адам дамуының әлемдік орташа индексі 0,756-ны құрады. Еуропа мен Орталық Азияда орташа көрсеткіш 0,818-ге жетті.
Осылайша, Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден 0,081 тармаққа, ал өңірлік орташа көрсеткіштен 0,019 тармаққа жоғары болды.
1990 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанның индексі 0,689-дан 0,837-ге дейін, яғни 21,5 пайызға өсті. Пандемия кезіндегі құлдыраудан кейін көрсеткіш қайта қалпына келді: 2021 жылы ол 0,816, 2022 жылы — 0,831 болса, 2023 жылы 0,837-ге жетті.
Сонымен қатар БҰҰДБ адам дамуы индексі ел ішіндегі барлық айырмашылықтарды толық көрсетпейтініне назар аударады.