4 шілдеден бастап Қорғаныс министрлігінің Азаматтарды әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соған орай азаматтардың медициналық тексеріс нәтижелері, жеке деректері, соттылығы туралы мәліметтер және өзге құжаттар электронды базаға жүктеледі. Шақырылушылар жеке деректерін өңдеуге келісім беріп, бұл құжаттар цифрлық картаға тіркеледі.
Әскерге шақыру немесе әскери жиындарға жіберу туралы бұйрықтар цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді. Қажет жағдайда уақытша қағаз нұсқасы қолданылып, кейін жүйеге енгізіледі. Әскерге шақырумен айналысатын бөлімдер қажет мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде алады.
Егер жүйелер арасында байланыс болмаса, ақпарат тиісті органдардан 3 жұмыс күні ішінде сұрау арқылы алынады.
Әрине, электронды жүйе енгізілгенімен, қағаз құжат толық жойылмайды, деп хабарлады sn.kz. Қорғаныс министрлігі SMS-хабарламалар қосымша ыңғайлы канал ретінде іске қосылатынын, бірақ бұрынғыдай қолхатпен табысталатын қағаз шақырту да қолданыста қалатынын ресми мәлімдеді. Өйткені кейбір азаматтардың ұялы телефоны тіркелмеуі немесе хабарламаны алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда əскери комиссариат қызметкерлері немесе жергілікті әкімдік өкілдері қағаз шақыртуды азаматтың тұрғылықты мекенжайына, жұмыс орнына апарып тапсырады.
Сондай-ақ шақыру қағазын поштамен жолдау тəжірибесі де сақталады. Заңнамада SMS арқылы жеткізу мүмкін болмаса, шақырту жеке тапсыру не тіркелген поштамен жіберу қамтамасыз етілетіні көрсетілген.
Демек, жаңа ереже көпарналы хабарлау жүйесін қалыптастырды: біріншіден, негізгі канал – 1414-тен SMS, екіншіден – eGov электронды порталы, үшіншіден – қағаз тасымалдағыш (қолма-қол немесе пошта). Мақсат – шақырылушыға хабарды дер кезінде жеткізіп, оның əскерге шақырылғанын хабардар етуде олқылық болдырмау.
Ақпарат sn.kz жәнеҚазАқпарат агенттігінен алынды.