Ішкі істер министрлігі азаматтарды дипфейк технологиялары мен жалған брокерлер арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтан сақ болуға үндеп, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге кеңес берді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның хабарлауынша, кейінгі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында түрлі жобаларға инвестиция салу және ақша енгізу сылтауымен жасалатын интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кетті.

Фото: Kazinform/Nano Banana
Қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дипфейк (жасанды интеллект) технологияларын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнелерін қолдану арқылы азаматтарды түрлі инвестициялық жоба мен қорға қаражат салуға үгіттейді.
— Бұл ретте олар азаматтарға жылдам әрі кепілдендірілген табыс табуға уәде береді. Жалған брокерлермен байланысқа шыққан кезде олар мобильді қолданбаларды орнатуды, сілтемелерге өтуді немесе ақшаны «инвестиция», «аккаунтты тіркеу» не «табысты ұлғайту» деген желеумен үшінші тұлғалардың шоттарына аударуды ұсынады. Әдетте ақша аударылғаннан кейін жалған брокерлермен байланыс үзіліп, уәде етілген табыс түспейді. Кейбір жағдайларда алаяқтар «салықтарды», «алымдарды» немесе «сақтандыру жарналарын» төлеу қажеттігін алға тартып, азаматтардан қосымша ақша талап етуді жалғастырады, — делінген хабарламада.
Барлық анықталған факті бойынша ІІМ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау, сондай-ақ алаяқтық интернет-ресурстар мен ақша қаражатын шығаруға арналған арналарды бұғаттау жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
Осыған байланысты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды қырағы болуға және мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
- «кепілдендірілген» табыс туралы ұсыныстарға сенбеу;
- бейтаныс адамдарға және күмәнді шоттарға ақша аудармау;
- күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген көздерден қолданбаларды орнатпау;
- компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеру;
- инвестиция салуды жоспарлаған жағдайда инвестициялық нарықты зерделеп, тексерілген компаниялардың ресми кеңселеріне ғана жүгіну.
— Интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай фактілер туралы ақпаратқа ие болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша ішкі істер органдарына немесе «102» арнасына дереу хабарласуыңызды сұраймыз, — деп ескертті полиция өкілдері.
Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды.