Жарты жыл өтсе де, жатақханада басталған жанжалдың жыры бітер емес. Студент қыздардың арасындағы төбелес бүгін де сотта қаралып жатыр. Бірі — прокурордың, екіншісі полиция подполковнигінің қызы. Бұл туралыф "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бойжеткендер арасындағы кикілжіңде екі тарап та өзін жәбірленушімін санайды. Қаракөз қазақ қыздарының төбелесі неге жиілеп кетті?
Қоғам қызу талқылаған қыздардың төбелесі Қонаев университетінің көпқабатты жатақханасында болған. Білім ордасының басшылығы жанжал бір ауыз "шошқаланба" деген сөзден шыққан дейді. Бірінші курс студенті өзінен жоғары оқитын қызға іштегі тазалықты сақтамағаны үшін осылай деген көрінеді.
Бір ауыз сөзден басталған дау ақыры төбелеске ұласқан. Соның салдарынан екі қыз да жарақат алған. Кейін екеуі де бір-бірінің үстінен арыз жазып, мәселе құқық қорғау органдарының қарауына өткен.
Төбелесте болған Азельдің айтуынша, оқиғадан кейін қарсы тараптан түрлі қысым көріпті. Жоғары курс студенті лауазымды қызметтегі анасымен мақтанып, «ештеңе істей алмайсың» деп сес көрсетті, дейді.
— Төбелес біткеннен кейін сол сөз өз аузынан шыққан болатын. «Менің анам прокурор, маған ештеңе істей алмайсыздар» дегендей айтқан. Біз шағым жаздық. Осы іс болып жатқан кезінде менің ата-анама да оның анасы сес көрсеткен. Неше түрлі айтып қоңырау шалды. Қорқытты. Осы іс бойынша полиция қызметкерлері мені қысып, жұлқылап алып кеткен болатын. Сол кезде бір тәулікке қамаған болатын.
Ал студент қыздары шаш жұлысқан университет басшылығы екеуін татуластыруға талай рет тырысқан. Бірақ ортақ мәмілеге келу мүмкін болмапты. Мұндай келеңсіздік алғаш рет болғанын айтқан олар, төбелеске қатысқан төрт қызды да жатақханадан шығарып, қатаң түрде сөгіс бердік дейді.
Талғат Дүйсебаев, Қонаев университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры: — Біз заң университеті болғаннан кейін, барлығын шақырып, бітімге келуге шақырдық, ата-ана жағын да, екі жақты да. Ата-аналары келді, бірақ, екі тарап та келіспей қойды. Ешнәрсеге келіспей қойды. «Мен жазамын» деп, бізді қорқытты. Бопсалау әрекеттері болды. Онда құқық қорғау органдары шешсін дедік. Сосын бұл мәселе құқық қорғау органдарына кетті.
Төбелескен қыздардың бірі — прокурордың, екіншісі полиция подполковнигінің қызы екен. Жасөспірімдер арасындағы кикілжіңде екі тарап та өзін жәбірленуші санайды. Бүгінде полицейлер тергеуді аяқтап, іс сотқа жолданыпты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі: — Болған оқиғаның мән-жайы зерделеніп, ҚР ҚК 108-бабы бойынша сараланды. Екі тараптың да іс-әрекетіне тиісті сараптама, зерттеулер тағайындалып, жүргізілді.Содан кейін іс материалдары сотқа жөнелтілді, екі тарапқа қатысты. Оқиға бойынша екі тарап бір-біріне жарақат келтірген.Тұрып жатқан мекенжайынан екеуі де арыз түсірді, екеуінің де арызы қабылданып, қылмыстық іс аясында тергеу жүргізілді.
Соңғы уақытта қыздардың арасындағы жанжал мен күш көрсету қоғам назарын жиі аударып жүр. Әлеуметтік желілерде бір-бірінің шашынан сүйреп, аяусыз соққыға жығып жатқан бойжеткендердің видеолары көптеп таралуда. Қоғам белсенділері мұны тәрбиенің, мәдениетті қарым-қатынастың және адамгершілік құндылықтарының әлсіреуімен байланыстырады.
Бағила Балтабаева, қоғам белсендісі: — Қазақтың қызы мықты, қай кезде де, керек болса, атқа мініп жауға шапқан. Бірақ бір-бірімен, өзінің сіңілісін, болмаса әпкесінің бетін жұлып, намысын таптасын деген емес. Бұ жерде батырлық пен батылдықты шатастырып алып жатыр. Өзімен қатар болмаса, тобындағы сыныптағы, болмаса қатарындағы қыздың шашын жұлып, таптап, оны теуіп, мұрнын қанатып, төбелесіп, соны жеңіп жатса, бүгінгі күні соны «батырмын», «батылмын» деп санайтын шығар. Бірақ ол батырлыққа да, батылдыққа да жатпайды.
Осылай кикілжіңді ұрыс-керіссіз шешуге кеңес береді. Ал жарты жылдан бері жыры бітпеген жатахнадағы төбелестің нүктесін енді сот қоймақ.
Ақпарат ktk.kz сайтынан алынды.