Домбыраны қорлаған ақтөбелік үш жарым жылға сотталды

Домбыраны қорлаған ақтөбелік үш жарым жылға сотталды

фото: Википедия

Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлерін "тозақтың иттері" деп атаған

Ақтөбеде домбыраны "харам" деп қорлаған тұрғын жазаланды. Ол үш жарым жылға бас бостандығынан айрылды. Осыдан екі ай бұрын әлеуметтік желіде ұлт аспабын "ібілістің жыныс мүшесіне" теңеген болатын, деп хабарлады КТК.

Тергеу кезінде оның 35 жастағы Азат Қонысов екені белгілі болды. Ісі сотқа жетіп, процесс кезінде ол кінәсін толық мойындады. Өзінің сөзіне өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Әйтсе де судья оны тезге салу үшін үш жарым жыл түрмеге қамауды жөн деп шешкен.

ТикТокта тым белсенді бұл жігіттің домбырадан шошына сөйлеген сөзі көпшіліктің шамына тиген. Діни көзқарасына сүйеніп, қос ішекті аспапты "қазаққа жат" деді. Әлеуметтік желіден бейнежазбаны көргендер оның жазалануын талап еткен болатын.

"Діни тақырыптағы тікелей эфир кезінде діни алауыздықты қоздыру және азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін, діни сезімдерін қорлау мақсатында, өз әрекеттерінің жария сипатын түсіне отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлерін "тозақтың иттері" деп атаған. Осылайша оларды жануарларға теңестіріп, қоғам арасында теріс пікір қалыптастырған", - деп атап өтті Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

"Соттың 2026 жылғы 4 маусымдағы үкімімен "К" кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді", - деп түсіндірді сот.

Дерек көзі: https://sputnik.kz

Подписаться