5 пайыздық ипотека: Алматы жастары үшін жаңа мүмкіндік

5 пайыздық ипотека: Алматы жастары үшін жаңа мүмкіндік

фото: info.homsters.kz

       Алматы қаласында жастардың баспаналы болуына бағытталған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1 маусымда басталады. Бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтар құжаттарын 1–15 маусым аралығында онлайн түрде тапсыра алады.

       Өтінім беру және қажетті құжаттарды жүктеу kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімі арқылы жүзеге асырылады.

       Бағдарлама аясында тұрғын үй несиесі жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызынан басталады, ал несие сомасы 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Егер таңдалған баспананың бағасы жоғары болса, айырмашылығын қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады. Бағдарлама арқылы бастапқы нарықтағы да, қайталама нарықтағы да тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бар.

       Бағдарламаға өтінім берген күні 35 жасқа толмаған немесе 35 жастағы жастар қатыса алады. Үміткердің Алматы қаласында кемінде соңғы бір жыл тұрақты тіркеуі болуы қажет. Сонымен қатар, өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй болмауы тиіс.

       Сондай-ақ қатысушы Алматы қаласында кемінде алты ай ресми жұмыс істеп, осы кезеңде тұрақты түрде зейнетақы аударымдары жүргізілгенін растауы керек.

       Бағдарлама жастардың қолжетімді шарттармен баспана алуына мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

       https://kaz.tengrinews.kz/

Подписаться