GS1 Бас Ассамблеясының биылғы басқосуы Польша астанасында мамыр айының 18-де ашылды. Жиын мамыр айының 21-не дейін жалғасады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
GS1 (Global Standard One) ұйымының биылғы стратегиялық іс-шарасының тақырыбы - «Іс-әрекеттегі көзқарас: Болашақты қалыптастыратын көшбасшылық» деп аталады.
Гибридті форматта өтіп жатқан форумға 100-ден астам елден келген GS1 мүше ұйымдарының басшылары және Жаһандық кеңес өкілдерімен қатар корпорациялардың топ-менеджменттері қатысып жатыр.
Шақырылған спикерлер арасында танымал еуропалық нарық көшбасшылары мен сарапшылары бар. Олар сессияларда форум қатысушыларымен бірге өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.
Талқылаудың негізгі тақырыптарына келесі буын кодтарын енгізу, жасанды интеллект пен деректер, сондай-ақ тұрақты даму: жаһандық сәйкестендіру стандарттарының айналмалы экономикадағы және жеткізу тізбегінің ашықтығындағы рөлі енгізілген.
Форумға қатысушылар үшін білім беру турлары ұйымдастырылады.
Бас Ассамблея GS1 қауымдастығы желісін атқарушы деңгейде құру үшін маңызды іс-шара болып табылады және жыл сайын GS1 мүше елдердің бірінде өткізіледі.

Фото: Сапалы Қазақстан
GS1 отырысына қатысып жатқан «Қазақстан сапа және инновациялық менеджмент» ұйымының президенті, ғылым докторы, профессор, Халықаралық сапа академиясының (АҚШ) академигі Азат Әбдірахманов мырзаға ұлттық ұйымның табысты жұмысы және GS1 жаһандық мақсаттары мен бірыңғай стратегиясын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін диплом және арнайы естелік төсбелгі табысталды.
Бүгін бізге GS1 халықаралық жүйесіне 30 жыл мүше болғанымыз үшін естелік диплом табыс етілді. Біз бұл жүйеге 1996 жылы, Қазақстан экономикалық жағынан қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатқанда және цифрландыру жүйесін қолға алу ешкімнің ойына кіріп шықпаған уақытта қосылған едік, деп атап өтті Азат Әбдірахманов.
Айта кету керек, Қазақстанның GS1 (Global Standard One) тәуелсіз халықаралық коммерциялық емес ұйымына мүше болғанына биыл 30 жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасында GS1 Kazakhstan аймақтық ұйымы бар, ол қазақстандық өндіріс кәсіпорындарына электрондық кодтар, сондай-ақ отандық өнімдерге тиісті электрондық кодтар береді.
Қазақстанның жетекші халықаралық стандарттау ұйымы GS1-ге мүшелігі ұлттық экономиканы жаһандық экономикалық кеңістікке біріктіру, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық сауданы жеңілдету үшін өте маңызды.
Анықтама: GS1 (Global Standard One) - логистикалық бөлімшелердің есебін және штрих-кодын стандарттауға жауапты халықаралық коммерциялық емес ұйым.
Ұйымның Еуропадағы штаб-пәтері Бельгияның Брюссель қаласында, ал Америкадағы штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Принстон қаласында орналасқан.