Қазақ жігіті Лондондағы беделді ауданның депутаты атанды

Қазақ жігіті Лондондағы беделді ауданның депутаты атанды

фото: pixabay.com

Қазақстанда туған 33 жастағы Санжар Әбішев Лондонның орталығындағы беделді Сент-Джеймс ауданынан Вестминстер кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл туралы қазақстандық кәсіпкер Қанат Көпбаев әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазды kaz.inform.kz.

С.Әбішевтің өзі Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрады. Ол Malvern College колледжін және университетті тәмамдаған. Кейін британдық компанияларда маркетолог болып жұмыс істеп, 2016 жылдан бері өзінің маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар 2015 жылдан бастап әлеуметтік жобаларды қолдайтын қайырымдылық ұйымын басқарады.

Фото: instagram.com әлеуметтік желісінен алынды

Саясатқа Әбішев 2022 жылдан бері араласа бастаған. Ал 2024 жылы Консервативтік партияның Сент-Джеймс округіндегі жергілікті бөлімшесін басқарды. Сайлауда ол лейбористер партиясының кандидатын 350-ден астам дауыспен басып озған. Жергілікті деңгей үшін бұл айтарлықтай үлкен айырмашылық саналады.

Қанат Көпбаевтың айтуынша, Әбішевтің британ элитасында туыстары немесе байланыстары болмаған.

– Қарапайым қазақ отбасынан шыққан жігіт білімнің, тәртіптің және көп жылғы еңбектің арқасында мәртебелі ауданның мэрі деңгейіне жетті, – деп жазды ол.

Сент-Джеймс – Лондонның қақ ортасындағы Вестминстер ауданына кіретін 18 округтің бірі. Ол Букингем сарайы маңында, Piccadilly мен Regent Street көшелерінің арасында орналасқан. Мұнда корольдік саябақтар, қымбат қонақүйлер, ірі компаниялардың штаб-пәтерлері және шетел елшіліктері шоғырланған.

Әр округтен үш кеңесші сайланады. Олар абаттандыру, автотұрақ, жергілікті қауіпсіздік және полициямен өзара іс-қимыл мәселелерімен айналысады. Әбішев осындай мандаттардың бірін иеленіп, 2029 жылға дейін қызмет атқарады.

Кеңесшілер толыққанды жалақы алмайды. Оларға жылына шамамен 10 800 фунт көлемінде базалық жәрдемақы ғана төленеді. Сондықтан Санжар Әбішев саясатпен қатар бизнесін де жалғастырып келеді.

Оның сайлауалды уәделерінің арасында үйсіздікпен күрес мәселесі бар. Депутаттың дерегінше, Лондонда 13 мыңнан астам адам көшеде түнеп жүр. Сондай-ақ ол қолжетімді тұрғын үй құрылысы жоспарын орындауды талап еткен.

Сайлау науқаны кезінде Әбішев 79 жастағы ер адамның өмірін құтқарып қалғаны да айтылды. Қарт адам құлап жарақат алғаннан кейін бірнеше күн бойы пәтерінде жатқан. Әбішев жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер келгенше оның жанында болған.

– Егер жалғыз тұратын көршіңіз болса, оның есігін қағып, жағдайын сұрауға 10 минут уақытыңызды бөліңіз. Бұл біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деп жазды ол кейін әлеуметтік желіде.

Подписаться