Күдікті жігіт қайын атасы мен қайын енесін қалай өлтіргенін айтып берді

Күдікті жігіт қайын атасы мен қайын енесін қалай өлтіргенін айтып берді

фото: Pexels.com

Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне қатысты Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот отырысында прокурор қылмыстың қалай болғанын айтып жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Атырау облыстық прокуратурасының прокуроры Мирас Бауыржановтың айтуынша, Сұлтан Сарсемалиев әйелінің інісі Наурыз Мұқанғалиевті өткен жылдың наурыз ауында Атыраудың Мұнайшы шағынауданындағы өз үйінде өлтіріп, кейін атынан арнайы қосымша арқылы 4 млн теңге несие алған. 

Сұлтан Сарсемалиевтің қайын атасы мен енесін қалай өлтіргені белгілі болды

Фото: Kazinform

Бірнеше күннен кейін Наурыздың телефонындағы What’s App қосымшасы арқылы Нәсіп Өтешқалиевадан 350 мың теңге сұрап, жазып жіберген. Ақшаны Қызылқоға мен Атырау қаласында такси қызметін көрсететін азамат арқылы алған. Такси жүргізушісі қалаға келгеннен кейін ақшаны терминал арқылы Наурыз Мұқанғалиевтің нөміріне салып жіберген.

2025 жылдың қараша айында Сұлтан Сарсемалиев әйелі мен бір қызын алып, Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылына қонаққа барады. Сол кезде отбасы мүшелерінің арасында жанжал туындаған.

Күдікті үй ауласындағы сарайда үй шаруасын істеп жүрген Нәсіп Өтешқалиеваны байқап, бірінші оны пышақтап өлтіреді. Кейін қайын атасын да жарақаттап, сарайға көмген.

Айта кетейік, процесс ашық форматта өтіп жатыр.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етуде.

Атышулы істі ақпараттандыру үшін өзге өңірлерден БАҚ өкілдері арнайы келген.

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.

Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды. 

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.

Кейін екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.

Ақпарат Kazinform-нен алынды. 

 

 

Подписаться