Бақбақты жұлса 13 миллион теңге айыппұл салынады

Бақбақты жұлса 13 миллион теңге айыппұл салынады

фото: ernur.kz

       Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жұлынған бақбақ үшін салынатын миллиондаған айыппұл туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақстандықтарға нақты қандай жағдайда жаза қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді.

       Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев бұл жерде әңгіме тек өсімдіктің "Қызыл кітапқа" енген түрлері туралы болып отырғанын түсіндірді.

"Айыппұл "Қызыл кітапқа" енген бақбаққа қатысты (...) Барлық "Қызыл кітапқа" енген өсімдікті жұлғаны үшін 3000 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы 12 975 000 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған", - деді Шәрбиев.

       Оның айтуынша, мұндай қатаң шаралар өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау қажеттілігімен байланысты.

"Бұл - құрып кету алдында тұрған сирек кездесетін өсімдіктер, сондықтан осындай айыппұлдар қарастырылған. Бұл айыппұл 2019 жылы депутаттардың бастамасымен он есеге арттырылды, қазіргі уақытта "Қызыл кітапқа" енген, яғни сирек кездесетін, жойылып бара жатқан өсімдіктердің жойылуын болдырмау үшін 3000 АЕК-ті құрайды", - деп түсіндірді вице-министр.

       Шенеунік бірнеше өсімдікті жұлудың өзі олардың толық жойылып кетуіне әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.

"Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, егер он бақбақ жұлынса, бұл өсімдіктер толығымен жойылып кетуі мүмкін", - деді ол.

       Журналистердің "Қызыл кітапқа" енген бақбақтар қай жерде кездесетіні туралы сауалына Шәрбиев олардың негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсетінін айтып жауап берді.

       https://kaz.tengrinews.kz/

Подписаться