Астанада қайтыс болған әйелдің донорлық органдары бес адамның өмірін сақтап қалды.

Астанада қайтыс болған әйелдің донорлық органдары бес адамның өмірін сақтап қалды.

фото: www.shutterstock.com

       45 жастағы Әлия 6 сәуір күні жұмыстан қайтып келе жатқанда өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Жедел жәрдемді кездейсоқ өтіп бара жатқан адам шақырған. Келесі күні дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін, тромб үзілгенін хабарлаған. Дәрігерлер өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, нәтиже болмаған.

       Ми өлімі тіркелгеннен кейін дәрігерлер марқұмның жақындарына қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы ұсыныс айтқан. Туыстары үшін бұл шешімді қабылдау өте ауыр болған.

       Әлияның анасы Қазима Ғайсарованың айтуынша, қызы көзі тірісінде өзі туралы осындай тілек айтқан.

       “Ол маған: егер маған бірдеңе болса, органдарымды басқа адамдарға беріңдер, мен солай өмір сүре беремін, басқаларға өмір сыйлаймын дейтін”, – дейді анасы.

       Марқұмның артында үш баласы қалды. Екеуі кәмелетке толмаған, кенжесі 8 жаста.

       Донордан жүрек, бауыр, өкпе және екі бүйрек алынған. Бұл органдар бес науқасқа, оның ішінде бір балаға трансплантацияланды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, олар ауруханадан шыққан.

       Қазақстанда бүгінде 16 мыңнан астам адам eGov платформасы арқылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген. Ал 100 мыңнан астам адам бас тартқан.

       Дәрігерлер органдар тек ми өлімі толық расталғаннан кейін ғана алынатынын айтады. Қазір елде шамамен 4600 адам орган трансплантациясын күтіп отыр. Оның 4 мыңға жуығына бүйрек қажет. 100-ден астамы – балалар.

       https://stan.kz/

Подписаться