Кейінгі он жылда қызмет көрсетілген ішкі туристер саны шамамен 3 есеге артқан
2026 жылдың наурызында Қазақстанда "Демалыс және мәдениет" санатындағы бағалар бір жылда 13,2%-ға өсті, деп хабарлады Energyprom.kz.
Бұл жалпы инфляция деңгейінен де, қызмет көрсету саласындағы баға өсімінен де жоғары.
"Ал 2020 жылдың желтоқсанынан бергі кезеңді алсақ, бұл санаттағы баға өсімі 88,3%-ға жеткен, бұл да орташа көрсеткіштен жоғары", - деп жазды портал.
2026 жылғы наурызда бассейн қызметі бір жылда 15,8%-ға, кинотеатр қызметі 17,5%-ға, ал театр қызметі бірден 41,1%-ға қымбаттаған. Ал қонақүй қызметінің бағасы тек 9,5%-ға өсіп, жалпы инфляциядан төмен деңгейде қалған.
Тұтастай алғанда, кейінгі жылдары Қазақстанда ішкі туризм қарқынды дамып келеді. Туристер саны жыл сайын артып жатыр, әсіресе пандемиядан кейінгі кезеңде тұрақты өсім байқалып отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген ішкі туристер саны 11%-ға өсіп, 8,7 млн адамға жетті. Бұл – абсолютті рекорд.
Ұзақ мерзімді динамикаға көз жүгіртсек, кейінгі он жылда қызмет көрсетілген ішкі туристер саны шамамен 3 есеге артқан. Бұл ел ішінде саяхаттауға деген тұрақты сұраныстың қалыптасқанын және қазақстандықтардың тұтынушылық әдеттерінің біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Ішкі туризм маусымдық немесе мәжбүрлі таңдау болудан қалып, шетелге шығатын сапарларға баламаға айналып келеді.
Дерек көзі: https://sputnik.kz