Қазақстандықтар жеке деректерін кім таратқанын тексере алады. «Nomad Guard» деп аталатын арнайы жүйе іске қосылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы "Қазақстан" қлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қосымшаны қалай пайдаланамыз?
Мәліметтер ұрланса, әуелі кімге шағымдану керек?
Әлдебіреулер хабарласып, мазалайды. Телефонға дамыл жоқ. Нөміріңізді тауып алғаны былай тұрсын, аты-жөніңізді де біледі. Енді алдап, банк картасындағы үш санды айтқызса – шаруасы түгел.
Әккілердің мұндай схемасын жақсы білеміз. Бірақ, сауал көп. Бастысы – жеке деректер қашан, қалай тарап кеткен? Енді мұны анықтауға болады. Арнайы онлайн қызмет іске қосылды. Ол деректер жинақталған барлық жүйені сүзгіден өткізе алады. Яғни, мемлекеттік қызмет аларда, банкте немесе әлдебір сайтқа мәлімет енгізген болсаңыз – соның бәрі осы жүйеде көрінеді. Деректерді кім қай уақытта алғанын да анықтап береді.
Сонымен, қосымшаны қалай пайдаланамыз?
Әуелі eGov мобайлда «Қызметтер» батырмасын таңдайсыз. Одан кейін Nomad Guard бөліміне өтіп, «тексеру» түймесін басу қажет. Нәтижесін білу үшін «Менің тексерістерім» бөліміне өтесіз.
Деректерді кім пайдаланғанын білдік. Әрі қарай не істейміз? Егер тізімде сіз жүгінген сайт не мекеме болса, алаңдамаңыз. Мысалы, сайт арқылы киноға билет алдыңыз делік. деректеріңізді сол күні бір рет қана қолданған. Демек, күдікті олар емес. Ал тізімде сіз ешқашан қолданбаған қызмет түрі болса, Цифрлық даму министрлігіне хабарлау қажет. Ол үшін қайтадан, егов қосымшасына кіріп, е-өтінім батырмасын таңдау керек. Бұдан соң тиісті ведомствоны таңдайсыз да, «Сипаттама» бөліміне жағдайды баяндайсыз. Ал файлдар бөліміне «Nomad Guard» қосымшасынан алған тізімді бекітесіз. Оны жеке деректеріңіз тарағаны туралы дәлел ретінде ұсына аласыз. Міне, осы қадамдарды жасағаннан кейін білгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар тыйылады, дейді жауаптылар.
Бұған дейін желіде қазақстандықтардың, атап айтқанда 16 млн 300 мың азаматтың жеке деректері жаппай тарап кеткені туралы ақпарат жарияланған еді.
Сол кезде Цифрлық даму министрлігі деректердің тарап кетуі жағдайы қызмет көрсету секторы мен микроқаржы ұйымдарының әртүрлі дерекқорларынан алынған ескірген ақпаратқа қатысты болды деп осы оқиғаға қатысты түсінік берген еді.