Өзге мемлекеттердің сұрауы бойынша іздеуде жүрген 189 адамның орналасқан жері анықталды
Ішкі істер министрлігі ТМД елдерінің аумағында "Іздеу" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара 15-16 сәуір күндері өткізілген.
"Екі күнде 314 қылмыскер ұсталды. Олардың ішінде 5-еуі адам өлтірген, жетеуі денсаулыққа ауыр зиян келтірген және тағы 5 адам қарақшылық шабуыл жасаған. Сондай-ақтағы жетеуі тонау фактілері бойынша және 15-і есірткі қылмыстары үшін іздеуде болған", - дейді полицияда.
Ел аумағынан тыс жерде 39 адам ұсталды, сондай-ақ өзге мемлекеттердің сұрауы бойынша іздеуде жүрген 189 адамның орналасқан жері анықталды.
"Белград қаласында өткен жылдың желтоқсан айынан бері жасырынып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Ол Түркістан облысында әуе компаниясында менеджер болып жұмыс істеген. Шамамен 176 миллион теңгені заңсыз иемденіп, жеке мақсатына жұмсаған", - дейді ішкі істер министрлігінде.
2024 жылдың қазан айынан бері қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасағаны үшін жасырынып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды.
"Грузиялық әріптестермен өзара іс-қимыл аясында Рустави қаласында алаяқтық жасаған күдікті ұсталды. Ол адамдар тобымен бірге автонесие рәсімдеу сылтауымен 2022-2024 жылдары Алматы қаласында 232 азаматқа 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Күдікті өткен жылдың шілде айынан бері іздеуде болған", - дейді полиция.
Министрлікте хабарлағандай, Қарағанды облысында бес жылдан астам уақыт бойы қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген қылмыскер мен Жамбыл облысында Бішкек қаласында адам өлтіргені үшін 2024 жылдың соңынан бері іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды.
Сонымен қатар іс-шара барысында 51 хабар-ошарсыз кеткен адам табылды, олардың 8-і — кәмелетке толмағандар.
Дерек көзі: https://sputnik.kz