Астанада Моңғолияның Ұлттық академиялық үлкен өнер театрының «Моңғолияның әсем отаны» атты концерті өтті. Бұл мәдени кеш Моңғолия Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрі Алдаржавхлан Жуковынмен кездесті. Тараптар мәдениет, архив ісі, әдебиет және креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бағыттары сөз болды.
Кездесу барысында моңғол архив қорларын қазақстандық ғалымдардың қатысуымен зерттеу, әдеби байланыстарды дамыту және ортақ мәдени мұраны насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ моңғол тарапы Астанада өтетін «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі» атты халықаралық симпозиумға шақырылды.
Ал кешкісін Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында өткен концерт көрерменге ерекше әсер сыйлады. Салтанатты кеште моңғол халқының бірегей өнері — морин хуур үні мен көмеймен ән айту дәстүрі ұсынылды. Бұл өнер түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
Іс-шара аясында көшпелі мәдениетке арналған көрме де ұйымдастырылып, тарихи тұлғалардың көркем бейнелері көпшілік назарына ұсынылды. Кеш соңында өнер иелеріне Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің атынан ықылас гүлдері табысталды.
Мәдени кеш екі ел арасындағы достық пен рухани байланыстың нығая түскенінің айқын көрінісіне айналды.
https://kaz.inform.kz/