Арменияда 10 тоннаға жуық Nestlé NAN балалар тағамы жойылды

Арменияда 10 тоннаға жуық Nestlé NAN балалар тағамы жойылды

фото: https://kz.kursiv.media

Арменияда Nestlé NAN өнімі қауіпті деп танылған соң, балалар тағамының 9,7 тоннасы жойылды, деп хабарлайды ТАСС.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалайтын инспекциялық органның хабарлауынша, утилизация туралы шешім зертханалық сараптама нәтижелері негізінде қабылданған, ал бұл нәтижелер Ресейден түскен.

Мамандар балаларға арналған тез еритін құрғақ сүт және сүтқышқылды қоспаларда қауіпті токсин болуы мүмкін екенін айтты. Өнімдерді жою ведомство қызметкерлерінің бақылауымен жүргізілді.

Бұған дейін Nestlé компаниясы 25 елде балалар тағамының жекелеген партияларын кері қайтарып алғанын хабарлаған. Тізімге NAN, SMA және BEBA брендтерінің өнімдері кірген. Бұған зиянды бактериялар мен токсиндердің болуы мүмкін деген күдік себеп болған, олар жүрек айну мен құсуды тудыруы ықтимал.

Сонымен қатар компания қазіргі уақытқа дейін аталған өнімді тұтынып, улану жағдайлары немесе басқа да симптомдар тіркелмегенін жеткізді.

Айта кетейік, «Nestlе Ресей» шикізатта токсин бар болуы қаупіне байланысты Қырғызстандағы бөлшек сауда желісінен балалар тағамының белгілі бір партияларын ерікті түрде кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады.

«Nestlе Food Kazakhstan» ЖШС Қазақстан аумағында сақтық шарасы ретінде балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр. Бұл шешім сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта цереулид токсинінің болуы мүмкін деген ықтимал қауіпке байланысты қабылданған.

Цереулид — құсу, іш өту және іштің ауыруын туындатуы мүмкін уытты зат.

Сондай-ақ бұған дейін Nestlé, Danone және Lactalis уытты затқа байланысты сүт қоспаларын кері қайтарып жатқаны туралы жаздық. Әлемдегі ең ірі үш сүт өнімі концерні анықталған цереулид ластануынан кейін балаларға арналған сүт қоспаларының ірі партияларын нарықтан алып тастады. 

Дерек көзі: https://kaz.inform.kz

 

Подписаться