WhatsApp

Дубайда жылжымайтын мүлік бағасы құлдырады

Дубайда жылжымайтын мүлік бағасы құлдырады
фото: pixabay.com

Дубайдың өзінде жағдай тұрақталды. Алайда үрей сейілген жоқ. Өйткені жер шарынан мыңдап, миллиондап кісі ағылатын алып шаһардың басты көзірі осы туристер еді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дубайдың  саудасы да жүрді, нарқы да жоғары еді. Енді әмірліктердің жылжымайтын мүлік нарығында баға құлдырап, сауда-саттық бәсеңдеген. Қалталылар шығанақ жеріне қаржы салуға жүрексініп қалды. Бұған дейін мол табыс әкеліп отырған бизнестің өзі тұралап қалуы әбден мүмкін.  

Бір тәуірі Дубай аспанында ерсілі-қарсылы ұшқан зымырандар көбейгенмен, қорғаныс жүйесі мықты, қағып тастап жатыр. Сол себепті жұрт көшеде еркін жүр. Алайда аспан тыншығанмен, елге барыс-келіс азайды. Мұның арты қалай болмақ? Сарапшылар не дейді?  

- Арғысы – Иран, бергісі Араб Әмірліктері. Шығанақта шектесетін қос мемлекет қазір соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр. АҚШ пен Израильдің ислам мемлекетіне қарсы әскери операциясы тұтас өңірдің бүйіріне ауыр соққы болып тиді. Ірі бизнес құрылымдар біраз қиындықпен бетпе-бет келді. Жылжымайтын мүлік нарығында сауда-саттық бәсеңдеп, нақты келісімдер азайды, дейді 24.kz тілшісі Рауан Мыңбай. 

Енді елде тұрғын үй құны 15-20 пайызға дейін арзандайды деген болжам бар. Бұл деректі «Fitch Ratings» агенттігі жариялады. Осыны ескерген әмірліктер қалталыларжың сенімін жоғалтпай, қауіпсіз әрі инвестициялық тартымды ел атын сақтап қалуға күш салды. Билік әлеуметтік желі мен халықаралық басылымдарда таралған қауесеттерді жоққа шығарып, жұртшылықты алаңдамауға шақырды. 

Абдулла Бин Тоук, Әл Марри БАӘ Экономика және туризм министрі: - Елдің стратегиялық қорында негізгі азық түлік жеткілікті. Нарық қажеттілігін 4-6 айға дейін өтейді. Барлық маңызды сектор қалыпты жұмыс істеп тұр. Жеткізу тізбегін, нарық бағасын және коммерция барысын күнделікті қадағалаймыз. Тұрғындарға тек қажетті тауарды сатып алуды, қор жинамауды және кез келген баға ауытқуы немесе нарық заңын бұзу деректері байқалса, бізге хабарлауды ұсынамыз. 

 Жалпы елде ахуал біршама тұрақты. Дүрбелең басылып, қала тұрғындары қалыпты тіршілігіне оралған. Дегенмен әуе кеңістігі толық ашылған жоқ. Келім-кетім қонақ аз. Бұл жайт туризм саласын тежеп тұр. Сарапшылар Таяу Шығысқа саяхаттаушылар ағыны 20 пайызға төмендейді деп болжайды. Егер жорамал расталса, қонақүй бизнесі мен қызмет көрсету саласы мол табыстан қағылады. Ал жергілікті сарапшылар экономикалық белсенділік көп ұзамай қалпына келеді деген сенімде.

 Яс Сейдан, бизнес сарапшы: - Біріккен Араб Әмірліктерінің аймақтағы басқа елдерден басты айырмашылығы - қауіпсіздік пен технологияға ауқымды инвестиция салуында. Билік елдің Қорғаныс жүйесін күшейтіп, тұрақтылықты сақтауға басымдық береді. Қандай жағдай болсын әмірліктердің географиялық орналасуы өте тиімді. Азия, Африка және Еуропаны жалғайды. Дамыған инфрақұрылым орнығып, қалыптасқан заң жүйесі және реттеуші органдардың жедел әрекеті бизнеске әркез қолайлы орта қалыптастырады. 

Бір тәуірі әмірліктің әуе шабуылдарына тойтарыс беру жүйесі бірнеше қабатты қорғаныс кешенімен қамтылған. Зымыран мен дрондарды жерге жеткізбей жойып, сынықтарын қаладан тыс аймақтарға бағыттайды. 

Айта кеткен жөн, соғыс басталғалы Иран ең көп соққыны тап осы елге жасаған. Соның басым бөлігі орта жолдан тежеліп, жойқын жарылыстарға жол берілмеді.