фото: https://www.gov.kz
Әз-Наурыз қазақ халқының ерекше атап өтетін мерекесі. Ұлыстың ұлы күні ауыл-аймақта, жер жерде түрлі іс-шаралар мен мерекелік кештер ұйымдастырылады. Әр шаңырақта Наурыз көже жасалады. Бата-тілектің қатары көбейеді. Жыл сайын ерекше атап өтілетін Наурыз мейрам биыл да өз жалғасын таппақ. Бұл күні барлық қала мен облыстардағы ашық алаңдар мен саябақтарда Наурыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттайтын түрлі мәдени бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар қойылады.
Наурызнама онкүндігі
Наурыз мерекесіне орай елде 1 жарым мыңнан астам іс-шара өтеді. Ең ауқымды жобаның бірі – Наурызнама онкүндігі ұйымдастырылды. Әдеттегідей, әр күннің тақырыптық бағыты бекітіліп, мейрам кеңінен тойланады. Он күндік 14 наурыз күні Амал мерекесінен басталып кетті. Ал 15 наурыз – қайырымдылық күні деп аталып, 16-сы – мәдениет және ұлттық дәстүр дәріптелді. Одан кейінгі үш күн – шаңырақ, ұлттық киім және жаңару күні болып белгіленген. 20-наурызда ұлттық спорт түрлері насихатталса, одан кейінгі тәулік – ынтымақ күні атап өтіледі. Ал 22 наурыз – жаңа жылдың бастауы. Келесі күн тазалық шараларына арналған. Наурыз мейрамына арналған негізгі мерекелік шаралар 21–23 наурыз күндері өтеді.
Мерекенің жақсы өтуіне әр қала жеке дара атсалысады
Көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында елордасы Астанада 200-ден астам түрлі іс-шара мен акция өткізу жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік шаралар бірден бірнеше алаңда өткізіледі. Ал Алматыда іс-шаралар өтетін негізгі орындар — Астана алаңы, Абай алаңы, Жібек жолы даңғылының жаяу жүргіншілер бөлігі және Панфилов көшесі. Қаланың әртүрлі аудандарында халық қолөнері бойынша шеберлік сабақтары мен көрмелер өткізіледі.
Ізгілікке бастайтын іс-шаралар өзге де қалаларда жалғасын табады. Бұл шаралар Наурыз мейрамының мазмұнын кеңінен танытып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және халықтың мерекелік көңіл-күйін арттыруға бағытталған.
Мереке кезінде қазақстандықтар қалай демалады?
Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде 21–23 наурыз аралығында атап өтіледі. 21 наурыз – сенбіге, 22 наурыз – жексенбіге, 23 наурыз – дүйсенбі күніне тура келіп тұр. Мерекелік күндердің бір бөлігі демалыс күндеріне сәйкес келгендіктен, қосымша демалыс күндері 24 және 25 наурызға ауыстырылады.
Айта кететін жайт, 20 наурыз - Ораза айт мерекесі. Бұл күні мұсылмандар бір ай бойы ұстаған оразасының аяқталуын атап өтеді. Ораза айт – бір күн. Алайда халық арасында қалыптасқан әдет бойынша үш күнге дейін дастарқан жайылып, алыс-жақын ағайын-туыс айттап үй-үйді аралайды. Осылайша қазақстандықтар ұлыстың ұлы күнін айт мерекесімен қатарластыра тойлайды.
https://kaz.orda.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через