WhatsApp

Бақылау күшейген соң жеке емшара кабинеттерінің бірқатары жабылды

Бақылау күшейген соң жеке емшара кабинеттерінің бірқатары жабылды
фото: informburo.kz

       Қазақстанда жеке емшара кабинеттеріне қатысты тексерулер әлі де жалғасып жатыр. Бақылау шаралары барысында медициналық қызметті заң талаптарын бұза отырып көрсеткен көптеген нысан анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді.

       Мониторинг нәтижесінде лицензиясыз жұмыс істеп келген 400-ден астам жеке кабинет тіркелген. Тексерістерден кейін олардың 270-і қызметін өз еркімен тоқтатса, кейбір кәсіп иелері жұмысын заңдастыру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге кіріскен. Сонымен қатар, 100-ден астам нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды.

       Бақылау барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, кейбір кабинеттер медициналық қызметті рұқсат құжаттарынсыз көрсеткен, санитарлық талаптарды сақтамаған, дәрілік препараттарды дұрыс сақтамаған. Бұдан бөлек, білікті медицина қызметкерлерінің жетіспеуі және шұғыл көмек көрсетуге арналған қажетті жабдықтардың болмауы да тіркелген.

       Тексеру қорытындысы бойынша жауапты орган 147 әкімшілік іс қозғап, жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын айыппұл салды.

       Мұндай бақылау шаралары бұған дейін де қоғам назарын аудартқан болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында Тараз қаласында емшара кабинетінде жасалған инъекциядан кейін науқастың қайтыс болуы үлкен резонанс тудырған еді. Кейін сот үкімімен медициналық қызмет көрсеткен екі қызметкерге бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, олар зардап шеккен тарапқа 11 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелген.