фото: Сапалы Қазақстан
Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында ғалым, экономист, ұстаз Ғалымжан Есқараұлы Керімбектің бақытты да баянды, бай қуатты ұзақ ғұмыр сүрудің және жетістікке жетудің құпиясы туралы 2-томдық "Бағытты ғұмыр" атты ктабы жарық көрді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Бұл кітап қазақ халқының бағзы заманнан ата-бабамыз ұстанып келген әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің ұлағатты ұстанымын, отбасылық құндылығын және жалпы ұрпақтың тәлім-тәрбиесі туралы толғамды ой, толымды пікір айтады.
Қазақ халқы рухани мұраға бай ел. Ауыл – ана тіліміз арқылы ұрпаққа берілетін қазақы тәлім-тәрбиенің асыл ордасы. Әр ауыл «Ана тіліміздің ұясы», «Берекенің бастауы». Ақ сүт берген ана тілімізді сақтауымыз үшін қасиетті қара шаңырағымыз – ауылымыздың амандығы, гүлденуі, өркендеуі қажет. Туған жер – адам баласының кіндік қаны тамған, жаны мен жүрегіне жақын, қимас сезімге бөлейтін алтын бесігі. Оның топырағы да, тауы мен тасы да, түтіні де ыстық. Әркімге өз ауылы, туған жері мақтаныш. Ауылы – сол жерде туып-өсіп, елдің жүгін арқалаған әрбір жанның мақтанышы.
- Ертеректе ауыл адамы арасындағы мейірімділік ауылдастың, ағайын-туыстың арасында да қатты білінетін. Бірін-бірі сағынатыны соншалық, қуана қауышып, бір-бірімен мәре-сәре болып көрісетін. Мал сойса қуырдағына, сиыры туса уыз көжесіне шақырып, келмей қалғанның «Сыбағасы»,- деп бөліп беретін. Бала кезімізде көзбен көрген сол мейірімге толы ұғым – бүгін жайлап-жайлап келмеске кетіп барады. Біз сол сағыныш пен мейірімге толы тәрбиеде тербеліп өстік. Бір-біріне деген бауырмалдың, сағыныш пен мейірімнің арқасында ғана халқымыз басына түскен бар қиыншылықты жеңіп шықты және болашақта да солай болатыны сөзсіз, деп атап өтті автор кітаптың кіріспе сөзінде.
Фото:: Ғалымжан Керімбек.
«Кімге, қашан аз немесе көп бере ме, қандай кейіпте береді – бұл Жаратқан иеміздің құзіретінде. Ризық беруші Алланың ісіне араласып, миллионды уәде етіп, халықтың сенімі мен сезімімен ойнау түбірімен дұрыс емес. Қазір «Бүйтсең миллионер боласың», «Сүйтсең миллиардер боласың» деген желеумен курс пен бағдарлама саудалағыш көбейіп кетті. Адамды босқа үміттендірмей, оның орнына жақсы адам болуды, дұрыс дағдыны әдет етіп, өмірлік құндылықпен өмір сүруді үйренген абзал. Әуелі өзге емес, өзіміз үлгі болайық. Кәсіптің қыр-сырын меңгерейік. Замандасты өз ісін, төл кәсібін сүюге, мамандығының шын шебері болуға үндесек игі.
- Бала кезiмізде әкеміз бен анамыз «Даладан жүгiрiп кiрме, табалдырықты баспа, тамақ iшкенде аузыңды сылпылдатпа, үлкеннiң әңгiмесіне араласпа, үйдегiнi – сыртқа, сырттағыны – үйге айтпа, үлкеннен бұрын табаққа қол салма, бата қайырылмай дастарханнан тұрма сынды көптеген тәрбиеге қатысты тағылымы мол тәлiмiн үйретті. Сонда балалық еркелiкпен, әке-анамыздың тәрбиелiк тиымына iштей қырсығып қаламыз. Қазiр ойласам, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» дегендей, сол тәрбиенiң нәтижесiмен көптеген жетістікке жетіп, қаншама белесті бағындырған екенбіз, дейді Ғалымжан Керімбек.
Алла Тағала берген ең үлкен нығмет – көркем мінез. Көркем мінездің қасиеті ешкіммен шекіспеу, біреуді күндемеу, балағаттамау, сыртынан сөз тасымау, жағасынан алмау, өркөкіректік көрсетпеу, такаппарлық танытпау, мінін термеу, жамандығын көрмеу, жақсылық жасау және басқа да ізгі ниет пен ізгі амалды қамтыған.
Қазақ отбасында ұрпағына ұлттық тәрбие беретін ата мен әженің орны әрқашанда ерекше саналады. Атамыз ақ батасын беріп, өсиет-насихатын айтса, әжеміз аңыз-ертегі, жыр-дастанымен немере-шөбересін рухани сусындатқан. Байсалды Балғожа би атасы мен Зередей зерек әжесінің үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесімен өскен Ыбырай мен Абай – қазақтың ұлы тұлғасына айналды. Ата мен әженің тәлім-тәрбиесін алған ұл мен қыз күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат, құрметті отағасы немесе отанасы болады. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға»,- деп хәкім Абай Құнанбайұлы айтқандай, бұл өмірде пейіліңіз таза, жүрегіңіз ақ, еңбегіңіз адал болса, сабырлық танытып, шыдамдылық көрсетсеңіз – күндердің күнінде еңбегіңіз еленіп, жетістікке жетіп, бақытты да баянды ұзақ ғұмыр сүретініңізге бек сеніңіз!
Егер бұл кітап алып оқығыңыз келсе мына байланыс нөміріне 8-775-499-77-99 (вацап) хабарласыңыз.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через