WhatsApp

Алматыда жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Алматыда  жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды
фото: kaz.inform.kz

       Алматыда таулы аймақтардағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды. Үлкен Алматы шатқалында орналасқан №22 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі таулы аймақта туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге арналған.

       Жаңа бөлімнің ашылуына Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, сондай-ақ сала қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

       Мамандардың айтуынша, өрт сөндіру бөлімінің дәл таулы аймақта орналасуы туристер, альпинистер мен демалушылар қатысуымен болатын төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартады. Сонымен қатар жетуі қиын аумақтарда құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

       Жаңа нысан екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда құтқарушыларға арналған оқу сыныптары, медициналық кабинет, демалыс және тамақтану бөлмелері қарастырылған. Сонымен бірге қызметкерлердің тұруына арналған арнайы апартаменттер де салынған.

       Бөлімше заманауи техникамен жабдықталған. Оның құрамында өрт сөндіру автоцистерналары, жедел-құтқару көліктері, эвакуатор және таулы аймақтарда жүруге арналған квадроциклдер бар.

       Жаңа бөлім Алматы қаласының Бостандық ауданының оңтүстік бөлігін, оның ішінде бірқатар тұрғын үй кешендері мен туристік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл аймақта 40 мыңнан астам тұрғын мен көптеген туристік бағыттар орналасқан.

       Мамандардың айтуынша, бөлімшенің іске қосылуы таулы аймақтардағы өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің жеделдігін арттырып, қала тұрғындары мен туристердің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.