фото: okg.kz
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу қиындауы мүмкін. Ұлттық банк жеткіліктілік шегін көтеруді жоспарлап отыр. Билік мұны болашақта зейнетақы мөлшері төмендеп кетпеуі үшін қажет деп түсіндіреді.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін белгіленетін жеткіліктілік шегін қайтадан арттыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ұлттық банк зейнетақы активтерінің табыстылығын да ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Тимур Сүлейменов президенттің төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында зейнетақы активтерін басқару туралы есеп берді. Оның айтуынша, 2025 жылы зейнетақы активтері 12%-ға өсіп, 25,1 триллион теңгеге жеткен, ал инвестициялық табыс 1,8 триллион теңге болған.
"Биыл Ұлттық қор тәжірибесіне ұқсас түрде ұзақмерзімді табыстылықты арттыру үшін акциялар мен баламалы құралдар сияқты жоғары табысты активтер класының үлесін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар болашақта зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету үшін табысты алмастыру коэффициентін арттыру қажет. Бұл зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу шегін қатаңдатуды талап етеді", – деді Тимур Сүлейменов.
Еске салайық, бұған дейін тіс клиникалары арқылы зейнетақы қорынан 200 миллиард теңге шығарған 11 күдікті қамауға алынғанын жазған едік. Қылмыстық жолмен келген қаржыға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
https://stan.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через