фото: baq.kz
Елорда төрінде, Астана қаласындағы «Тұран» университетінде тарих пен тағылымды тоғыстырған тағдырлы көрме ұйымдастырылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ұсынған «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты бұл тағылымды шара – өткеннің үнін бүгінге жеткізген ерекше кездесу болды.
Көрме мазмұны – атына сай айрықша. Экспозиция Ұлы даланың көне дәуірден тамыр тартқан жазба мәдениетін, оның ғасырлар бойғы қалыптасу, даму белестерін кеңінен қамтыды. Уақыттың табы сіңген парақтар, көненің көзіндей болған жәдігерлер – бәрі де тарихтың үнсіз сөйлейтін куәгеріндей әсер қалдырды.
Көпшілік назарына VIII–IX ғасырлардан жеткен көне түркі тіліндегі сирек қолжазбалар ұсынылды. Сонымен қатар, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлеріне тиесілі араб, парсы, шағатай тілдеріндегі құжаттар да көрме төрінен орын алды. Көне түркі жазуының үлгілері мен латын графикасындағы алғашқы басылымдар да жұртшылық қызығушылығын оятты. Бұл құнды мұралардың барлығы – Ұлттық орталық қорында сақталған асыл қазына.
Кездесу барысында мамандар жазба ескерткіштердің тарихи маңызына тоқталып, оларды зерттеу мен сақтау ісінің ерекшеліктерін кеңінен баяндады. Себебі әр қолжазба – бір дәуірдің тынысы, әр таңба – бір заманның тағдыры. Қағазға түскен әр сөз – халық жадын жаңғыртатын аманат.
Мұндай рухани шаралар – өткенді ұлықтап қана қоймай, келер ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға жол ашады. Ұлы даланың жазба мұрасы – біздің тамырымыз, біздің тұғырымыз. Оны тану – өзіңді тану, оны қадірлеу – болашаққа деген құрмет.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через