Салық берешегі қандай сомадан асқанда шоттар бұғатталады?

Салық берешегі қандай сомадан асқанда шоттар бұғатталады?
фото: https://pixabay.com/

86 500 теңгеге дейінгі салық берешегі кезінде шоттар бұғатталмайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегін өндіріп алудың тәртібі қалай өзгергенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, салық берешегінің сомасы 20 АЕК-ке (86 500 теңгеге) дейін болса, онда ешқандай шара қолданылмайды. Бұл жағдайда жіберілетін хабарламада берешектің бар екені туралы айтылады.

"Салық берешегінің сомасы 20 АЕК-тен асса өсімпұл есептеліп, хабарлама жолданады. Ал белгіленген мерзім өткен соң банк шоттары бойынша шығыс операциялары бұғатталады. Сондай-ақ, касса және инкассалық өкімхат бойынша да шектеу қойылады", – деді ол.

Қайсар Арынның сөзінше, бұл шаралар салық берешегінің сомасы 45 АЕК-ке (194 625 теңгеге) дейін болғанда да қолданылады.

"Салық берешегі 45 АЕК-тен асқан жағдайда, бұл шаралардан бөлек дебиторлық берешекті өндіру, мүлікті түгендеу актісін жасау, мүлікті өткізу және акцияларды шығару шаралары қолданылуы мүмкін. Тіпті сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тануға дейін барады", – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz