фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Harbucks
Қартаю – табиғи үдеріс. Алайда оның жылдамдығы әр адамда әртүрлі. Біреу алпыста сергек, ширақ жүрсе, енді бірі елуге жетпей-ақ әлсіздік сезінуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, ағзаның қаншалықты тез қартая бастағанын күрделі тексерусіз-ақ байқауға болады.
The Independent басылымына сұхбат берген психолог Александр Тейлор мен спорт ғылымы саласының маманы Марко Аркестейн қартаю қарқынын анықтаудың екі негізгі көрсеткішін атады: жүру жылдамдығы мен ойлау қабілеті.
Жүру жылдамдығы – денсаулық айнасы
Сарапшылардың пікірінше, адамның қарапайым жүру қарқыны – оның физикалық жағдайының маңызды индикаторы. Егер адам секундына 1–1,4 метр жылдамдықпен (шамамен сағатына 5 шақырым) еркін жүре алса, бұл ағзаның қалыпты күйде екенін көрсетеді. Мұндай көрсеткіш қартаю үдерісінің табиғи, баяу жүріп жатқанын білдіреді.
Ал егер жүру жылдамдығы 0,8 м/с-тен төмен болса, бұл әлсіреудің белгісі болуы мүмкін. Яғни бұлшықет күші азайып, жалпы физикалық төзімділік төмендей бастағанын аңғартады. Әсіресе, күнделікті қарапайым қозғалыстың өзі ауыр сезілсе, оған бейжай қарамаған жөн.
Қозғалыс пен ойлауды қатар сынау
Қартаю тек дене қуатына емес, когнитивтік қабілетке де әсер етеді. Мамандар ұсынған тағы бір қарапайым сынақ – қозғалыс үстінде ойлау тапсырмасын орындау. Мысалы, жүріп келе жатып 100-ден 7-ні кері қарай азайтып санау.
Егер адам бұл тапсырманы орындау барысында жүрісін баяулатып алса, жиі қателессе немесе қатты қиналса, бұл ми қызметінің баяулағанын білдіруі мүмкін. Ал тапсырманы еркін орындап, қозғалыс қарқынын сақтай алса, бұл мидың және жүйке жүйесінің үйлесімді жұмыс істеп тұрғанының белгісі.
Бұл диагноз емес, ескерту сигналы
Әрине, мұндай тәсілдер дәрігерлік тексерудің орнын баспайды. Дегенмен олар ағзадағы өзгерістерді ерте кезеңде байқап, уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мамандар қартаюды баяулатудың ең тиімді жолдары – тұрақты физикалық белсенділік, миға арналған жаттығулар, дұрыс тамақтану және сапалы ұйқы екенін атап өтеді. Қарапайым күнделікті әдеттер болашақтағы өмір сапасын айқындайды.
Қартаю – тоқтатылмайтын үдеріс. Бірақ оның қалай өтетіні көбіне өзімізге байланысты. Бастысы – дене мен сананың сигналдарына құлақ түре білу.
https://stan.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через