фото: https://pixabay.com/
Өзін Марсқа билет сатушы, Жерге ақыл үйретуші, Интернетке абсолюттік еркіндік әкелуші ретінде дәріптейтін Масктың үстінен Франция жеті қылмыстық іс қозғады.
Жаһандық №1 миллиардер перизат Парижге шақырту алды. Туризм үшін емес, тергеу үшін. Себебі, X әлеуметтік желісі арқылы балалар порнографиясы таралуда деген күдік бар.
Француздың құқық қорғау органдары X (бұрынғы Туиттер) платформасының жергілікті өкілдігінің кеңселерінде жаппай тінту жүргізді. Бұған қоса, француз билігі Илон Маск пен бұрынғы бас директоры Линда Яккаринодан жауап алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Париж прокуроры Лора Беккюо ресми хабарлады.
Құжатқа сәйкес, тінтулер қаңтарда басталған тергеу аясында жүргізілді. Тергеп тексеруге сондай-ақ прокуратура, жандармерияның киберқылмыспен күрес бөлімдері және "Еуропол" жұмылдырылуда.
X әлеуметтік желісі 7 бірдей қылмыстық бап бойынша күдікке ілінді:
• балалар порнографиясын сақтау және тарату,
• сексуалдық дипфейктер жасау,
• адамзатқа қарсы қылмыстарды жоққа шығару,
• деректерді алаяқтық жолмен жинау,
• автоматтандырылған деректерді өңдеу жүйесінің жұмысын бұрмалау,
• тіпті әлеужеліні ұйымдасқан топ құрамында заңсыз басқару бар.
Қысқасы, тағылған айыптардың тізімі том-томға айналады. "Еркін пікір алаңы" деген ұранның астында толыққанды қылмыстық антология тығылып жатқан көрінеді.
Баспасөз релизінде нақтыланғандай, холокостты жоққа шығаруға және сексуалдық дипфейктерге қатысты айыптаулар X-ке кіріктірілген нейрожелілік ассистент – Grok-тың қызметіне байланысты қосылған.
"Оқиғалар болған кезеңде X-тің нақты және заңды басшылары ретінде Илон Маск пен Линда Яккарино саналған. Оларға 2026 жылдың 20 сәуірінде Парижде ерікті түрде жауап алуға келу туралы шақыру қағаздары жіберілді", – деп мәлімдеді француз прокуроры.
Сервис қызметкерлері де куәгер ретінде шақырылып жатыр. Оларды тергеуге алу 20–24 сәуір аралығында өтеді, деп қосты Беккюо.
Еуропалық тілмен айтқанда, "келмей көр". Жалғыз Маск емес, бүкіл экожүйе жауап береді. Егер еуропалықтар кезекті рет қорқақтық танытпай, істі аяғына жеткізсе, Масктың жаһандық "хайпы" нағыз халықаралық "сау басқа сақинаға" айналуы мүмкін.
Бірақ француз басылымдары істің ақыры не үлкен айыппұлмен, немесе кешірім сұрап, желіні заңсыз былықтан тазартумен аяқталуы мүмкін деп тон пішеді. Миллиардердің өзі демократияны өзгелер үшін шектеп, тек ақылы жазылушыларының игілік-привилегиясына айналдыруға көшті.
Маск жаһандық қыспаққа алынды
Бұрынғы "Туиттерден" көптеген мемлекеттік ұйымдар кетуде. Солардың қатарында кеше Париж прокуратурасы да X-тегі ресми аккаунтын жапты.
Associated Press жазуынша, қаңтардың соңында X-ке қатысты тергеуді Еуроодақ та бастады: Маскқа қарсы одақтың 27 елі бас көтеріп отыр.
2025 жылғы желтоқсан соңында ЕО реттеушілері X-ті одақ елдерінде қолданылатын цифрлық ережелерді бұзғаны үшін 120 миллион еуро айыппұлмен жазалады. Даудың бір ұшы – "көк белгілерге" тірелді: Маск X-ті сатып алғанға дейін, Twitter-де бұл белгілер тек верификацияланған тұлғаларға берілетін. Тиісінше, белгілі адамның, соның ішінде биік лауазымды тұлғаның аккаунтының фейк-версиялары жайына қалатын. Бұл жалған парақшалармен күреске үлес қосты.
Енді жағдай 180 градусқа өзгерді: миллиардер "галочкаларды" міндетті тексерусіз-ақ сатылатын тауарға айналдырды. Салдарынан, ақысын төлеген алаяқтар танымал тұлғалардың жалған аккаунттарын құрып, заңсыз табыс таба бастаған.
"Жалаңаштау" сервисі жарға жықты
Әлемдік алпауыт Масктың эпатажы мұнымен шектелмеді. Өткен дүйсенбіде Еуропалық Одақ Маск құрған жасанды интеллект негізіндегі Grok чат-ботына қатысты сексуалдық дипфейктерді қолдану фактісі бойынша тергеуді бастады, деп жазады Associated Press.
"Бұған Grok чат-ботының адамның келісімінсіз жасалған сексуалдық дипфейк суреттерді жаппай жариялауы себеп болды. Сондай-ақ, еуропалық реттеушілер X-тің ұсыныс жүйелеріне қатысты бұрыннан жүріп жатқан тергеуді кеңейтті. Брюссельдің қысымы Grok-тың жаһандық наразылық толқынын туғызуы аясында күшейді. Себебі, бұл жүйе ЖИ арқылы сурет жасау және өңдеу мүмкіндіктерін пайдаланып, адамдарды "шешіндіріп", әйелдерді мөлдір бикиниге немесе ашық-шашық киімге "киіндіруге" жол берген", – деп түсіндірді Ассошейтэд Пресс.
Салдарынан, Америкада Х әлеужелісін пайдаланушылар қыздардың, әйелдердің кәдімгі фотосын өңдеп, киімсіз күйде суретке түскендей етіп, жариялай бастаған. Ақиқат пен фейктің арасын ажырату қиын болғандықтан, мұндай жағдайлар ол адамдардың жазықсыз жапа шегуіне, жұмыстан қуылуына, отбасылық ойрандауларға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа соқтырған.
Сорақысы сол, зерттеушілер фотосы бейәдеп өңделген балалардың да бейнесін тауыпты. Бұл құзырлы органдардың төзімін тауысқан жайтқа айналды. Кейбір елдер бұл сервисті мүлде бұғаттап тастады немесе ондай контенттерге тыйым салуды талап етуде.
Масктың xAI атты ЖИ компаниясы Grok сурет өңдеу құралын 2025 жылғы жазда іске қосты. Алайда мәселе тек өткен айдың соңында ушыға түсті. Өйткені Grok өзге пайдаланушылар жүктеген суреттерді өңдеуге қатысты көптеген сұранысты да жыл басында қанағаттандырған көрінді.
Салдарынан жыл басталғалы әлеужелі түрлі адамның "жалаңашталған" немесе мазақ етілген "фотоларына" толды. Грок кесірінен кибербуллинг жаһандық деңгейде гуледі. ЖИ бассыз кетсе, адамға бағынбайды. Grok X-те не көрсетілуі керегін де өзі таңдай бастады. Өзі – судья, өзі – суретші, өзі – моральдық шекарасы жоқ алгоритм.
Жағдайды күрделендірген жайт – Маск бұл чат-ботта ешқандай цензура болмайтынын жариялаған еді. Әрі қауіпсіздік шектеулері де аз болатынын, сондықтан өзге баламаларына қарағанда "батылырақ" екенін мәлімдеді. Grok-тың берген жауаптары, "өңделген" фотолар X-те ашық жарияланып, оңай таралады. Миллиардер ЖИ мен әлеужеліні біріктіріп, жалған мәліметтерден дүниежүзілік цунами туғызды және тоқтау салмаса, біраз адамның түбіне жеткелі тұр.
Масктың жауабы
Әртүрлі елдерде күшейіп келе жатқан алаңдаушылық ЖИ көмегімен жалаңаш бейне жасау қосымшаларының сұмдық әлеуетін айқын көрсетті. Grok Imagine ИИ-генераторында "бейәдеп режим" (пикантный режим) әзірге сақталып тұр.
Жаһандық наразылық толқынына жауап берген Grok компаниясы қолдан фотосурет жасау және дайындарын өңдеу функцияларын тек ақылы жазылушыларға ғана қолжетімді ететінін мәлімдеді. Мораль мәселесін тағы ақшаға тіреді. Нәтижесінде, өзін ақысыз-тегін пайдаланатын адамдар чат-ботқа тиісті сұрау жасаса: "Қазіргі уақытта суреттерді жасау және өңдеу тек ақылы жазылушыларға қолжетімді. Бұл мүмкіндіктерді ашу үшін жазылым рәсімдей аласыз", – деп жауап шығады.
Осылайша, айына 8 доллар төлейтін "көк белгісі" бар, X деңгейіндегі премиум-жазылушылар ғана өзгелерді "шешіндіре" алады. Мұндай жағдай халықаралық қоғамдастықты қанағаттандырмады. Олар Илон Масктан ашық әрі қорлайтын контенттің таралуын түпкілікті тоқтату үшін қосымша шаралар қабылдауды талап етуде.
Америка
X қыспаққа АҚШ-та да тап болып отыр. Өткен аптада 35 штаттың бас прокурорлары компанияға хат жолдады. Олар Масктен Grok арқылы иесінің келісімінсіз сексуалдық дипфейктер жасауға тосқауыл қою жоспарын жасауды және мұндай контентті платформадан қалай өшіруді көздеп отырғанын түсіндіруді талап етті.
Ал, Трамп әкімшілігі Масктің жаһандық өртіне май құйып, қолдады. АҚШ Соғыс (экс-қорғаныс) министрі Пит Хегсет дипфейк жасайтын технологияны Пентагонға ресми енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNN. Хегсет таяуда Grok-тың министрліктің "барлық құпия және құпия емес желілерінде" іске қосылатынын жариялады. Америкалық шенеуніктер бұл технологияны өзге елдердің үкіметтері айыптап жатқанына қарамастан қолдап отыр.
Малайзия
Өткен аптаның сейсенбісінде билік X пен xAI-ге қарсы заңды шектеулер қолданатынын мәлімдеді. Малайзияның Коммуникациялар және мультимедиа комиссиясы адвокат жалдағанын және әлемдік алпауытқа қарсы сот процесін бастайтынын хабарлады.
Комиссия мәлімдемесінде Grok-тың зиянды контент жасау – сексуалдық, әдепсіз, аяусыз қорлайтын және иесінің келісімінсіз өңделген фото-видеолар жасау үшін пайдаланылып жатқаны келтірілген.
Жұма күні Малайзия билігі америкалық компания қосымша қауіпсіздік шараларын енгізген соң шектеуді алып тастағанын жариялады. Егжей-тегжейін ашпады. Реттеушілер өткен аптада X өкілдерімен кездескен және жағдайды бақылауда ұстауда.
Индонезия
Сенбіде Оңтүстік-Шығыс Азияның осы елі Grok-қа өз территориясында қолжетімділікті уақытша бұғаттады.
"Үкімет фотода бейнеленген адамның келісімінсіз оған қатысты сексуалдық дипфейктер жасауды адам құқықтарын және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін өрескел бұзу деп есептейді", – деді Индонезияның байланыс және цифрлық технологиялар министрі Меутья Хафид.
Шенеунік Grok-та адамдардың дәстүрлі фотосуреттері негізінде порнографиялық контент жасауға тосқауыл қоятын қорғаныс тетіктері жоқ екеніне назар аудартты.
Ұлыбритания
Дүйсенбі күні британдық медиа-реттеуші Ofcom Grok-тың заңсыз контенттен қорғау міндетін бұзуына қатысты тергеуді бастады. Меморган Grok жасаған балаларды сексуалдандырған немесе адамдарды шешіндірген бейнелерді "порнография, балаларға қарсы сексуалдық зорлық-зомбылық материалдары" деп тануға ниетті.
Технология министрі Лиз Кендалл ЖИ жасаған мұндай бейнелерді "қиянат қаруы" деп атады. Тиісінше, жалған жалаңаш бейне жасау сервисін ұсынуды "қылмыс" деп таниды. Ол тергеу қорытындысына қарай компания Ұлыбританияға жаһандық табысының 10%-ына дейін айыппұл төлеуі немесе бұғатталуы мүмкін екенін нақтылады.
Бұған жауап ретінде Маск британ Үкіметін "фашистер" деп балағаттады және сөз бостандығын тұншықтыруға тырысып жатыр деп айыптады. Байлықтың астында қалса да, бір тиынын айыппұлға төлегісі келмейді.
Үндістан
Үндістан Үкіметі X-ке ультиматум қойып, барлық "заңсыз контентті" жоюды талап етті. Нью-Дели америкалық компанияны өзін әлемге танымал ету үшін Grok ЖИ-ін теріс пайдаланып, сол арқылы әйелдердің, балалардың және ерлердің ар-намысын қорлайтын бейнелер жасауға қасақана жол берді деп айыптауда.
Бразилия
Жергілікті депутат Эрика Хилтон Grok пен X туралы Бразилияның федералды прокуратурасына және деректерді қорғау органына шағым түсіргенін мәлімдеді. Ол әйелдер мен балалардың келісімінсіз сексуалдық сипаттағы бейнелер жасалуына қатысты тергеу аяқталғанша X-тің ЖИ функцияларын өшіруді талап етті.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через