фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/aapsky
Қазақстан Үкіметі ұшақ отынының бағасын төмендету шараларын қабылдады. Осы жағдайға байланысты Kazinform тілшісі қазақстандықтар әуебилеттердің арзандауын күте ала ма деген сұрақпен Көлік министрлігіне сауал жолдады.
Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Президент ұшақ отынының қымбаттығына байланысты салалық мемлекеттік органдардың жұмысына сын айтқан болатын.
Сыннан кейін Үкімет жанармай бағасын төмендетудің нақты механизмдерін жедел әзірледі.
Нәтижесінде, ұшақ отынының тоннасы 1 200 доллардан 940 долларға төмендетілді, ал кейін оны 890 долларға дейін азайту жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі бұл шара отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Air Atlanta, Hungary Airlines және One Air сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын көбейтуге мүмкіндік беретінін хабарлады.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі Көлік министрлігінен әуебилеттер бағасының төмендеуі мүмкін бе деген сауал жолдады.
Министрлік жауабына сәйкес, Қазақстандағы жолаушылар әуе тасымалы нарығы мемлекет тарапынан реттелмейді.
— Қазақстанда халықаралық тәжірибеге сәйкес әуебилеттердің бағасы заң бойынша реттелмейді және оны авиакомпаниялар нарықтық жағдайларға сай өздері белгілейді. Қазақстандық авиакомпаниялар билеттер бағасын орнатқанда динамикалық баға жүйесін қолданады, — делінген министрлік жауабында.
Министрлік атап өткендей, билеттердің бағасы ең алдымен сұраныстың маусымдық ерекшеліктеріне, ұшақ түріне, рейстің шығу уақытына, билетті сатып алу күніне және басқа да факторларға байланысты өзгереді.
Сонымен қатар, бағаны негізсіз көтерген жағдайда авиакомпанияларға қарсы антимонополиялық шаралар қолданылуы мүмкін.
https://kaz.inform.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через