фото: pixabay.com
Ұлттық Банк азаматтардың төлем карталарын олардың рұқсатынсыз бұғаттау жағдайларының көбейгенін хабарлайды. Бұл жағдай телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттермен байланысты болып отыр, деп жазды Kazinform.
Алаяқтар ашық дереккөздерден, оның ішінде фишингтік сайттардан, қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерден алынған жеке мәліметтерді пайдаланып, қаржы ұйымдарының байланыс орталықтарына клиент атынан хабарласады. Олар банк картасының жоғалғанын айтып, жалған ақпарат арқылы картаны бұғаттауға себеп болады.
Одан кейін алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банктің немесе құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар «картаны бұғаттан шығарамыз» немесе «қауіпсіз шотқа ақша аударамыз» деп сендіріп, SMS-код, интернет-банкинг паролі немесе CVV/CVC код сияқты деректерді алуға тырысады.

Фото: pixabay.com.
Картаның бұғатталуы жағдайында, картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген ресми банктің колл-орталығына хабарласу қажет. Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS арқылы жіберілген пароль мен кодтарды сұрамайды және мобильді құрылғыға қашықтан басқару қосымшаларын орнатуды талап етпейді.
Сонымен қатар банкомат маңында жүрген алаяқтар «картам бұғатталды», «картамды зақымдадым» немесе «ақша алу лимиті таусылды» деген түрлі сылтаулармен басқа адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына қосымша сыйақы уәде етеді. Мұндай аударымдар заңға қайшы болып, дропперлік әрекет ретінде қаралуы мүмкін.
Қазақстан Ұлттық Банкі банк картасы мен оның деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, әркез қырағы жүруге және кез келген ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы колл-орталығына қоңырау шалып, тексеріп алуға кеңес береді.
Сонымен қатар Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, аудио немесе видео қоңырау шалмайтынын, инвестициялық қорлар мен қаржы өнімдеріне ақша салуды ұсынбайтынын, қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салады.
Алаяқтыққа ұшыраған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арыздану қажет.
Қосымша ақпарат алу үшін 1477 қысқа нөміріне қоңырау шалып, Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через