фото: StiffCrustySock/reddit.com
Бүгінде әлемде балалар арасындағы артық салмақ мәселесі ушығып тұр. ЮНИСЕФ келтірген дерекке сүйенсек, жер жүзіндегі әр оныншы бала семіздікке шалдыққан. Бұл шамамен 188 миллион жеткіншек деген сөз. Мамандар мұның басты себептерінің бірі ретінде мектептегі тамақтану жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауын атайды. Қазіргі таңда небәрі 104 мемлекетте ғана мектеп асханаларында құнарлы тағам ұсынылады. Ал 80 елде ас мәзіріне нақты талаптар қойылған. Кейбір мемлекеттер балаларға арналған зиянды тағамдарды жарнамалауға да шектеу енгізген.
Әлем елдері бұл мәселені әртүрлі жолмен шешіп келеді.
АҚШ-та мектеп оқушыларына арналған Ұлттық тамақтану бағдарламасы 1946 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде 30 миллионға жуық бала мектепте тегін немесе жеңілдікпен тамақтанады. Алайда соңғы жылдары елде оқушылар арасындағы семіздік деңгейі айтарлықтай артқан: әр үшінші бала артық салмаққа ие. Бұған тағам құрамындағы қант, тұз және май мөлшерінің көп болуы, ал жеміс пен көкөністің жеткіліксіздігі әсер еткен. Осыған байланысты 2010 жылы талаптар күшейтіліп, ас мәзіріне көкөніс, жеміс-жидек және дәнді дақылдар көбірек енгізілді. Бірақ оқушылар жаңа мәзірді толық қабылдай қоймады. Соның салдарынан 2020 жылы кейбір талаптар қайта қаралып, жеңілдетілді.
Швецияда балалар семіздігі Еуропа бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі саналады. Бұл елде 1937 жылдан бері барлық оқушыға заң негізінде тегін тамақ беріледі. Мемлекет бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 300 миллион еуро бөледі. Көптеген мектепте оқушылар тағам мен салатты өз қалауынша таңдай алады. Сонымен қатар мектеп аумағында тәтті сусындар, печенье мен балмұздақ сатуға тыйым салынған. Мұндай жүйе балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жапонияда мектептегі түскі ас жүйесі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыды. Мектеп тамағына қатысты арнайы заң қабылданып, балалардың дұрыс тамақтануына ерекше көңіл бөлінді. Оқушыларға тамақтану әдебі мен пайдалы ас таңдаудың маңызы үнемі түсіндіріледі. Негізгі тағам — күріш, алайда мәзірге өзге елдердің тағамдары да енгізілген. Жапон мектептерінің 80 пайызы ыстық ас ұсынады. Ингредиенттердің құнын ата-аналар төлейді.
Жалпы алғанда, әлем елдерінің тәжірибесі мектептегі тамақтану саясаты балалар денсаулығына тікелей әсер ететінін көрсетеді. Дұрыс ұйымдастырылған ас мәзірі мен тамақтану мәдениеті семіздіктің алдын алудың маңызды тетігі болып отыр.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через