фото: pixabay.com
Alatau City-де әлемдік деңгейдегі алғашқы зәулім ғимарат – Iconic Towers көпфункционалды кешенінің құрылысы биыл мамыр айында басталады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық инвесторларға бағытталған алғашқы ірі нысанның жалпы құны 800 миллион доллардан асады. Бұл қаржы жеке инвестордан тартылған.
Жобаның дизайнын британдық пен америкалық сәулет бюролары әзірлеген.
Нәтижесінде америкалық компанияның тұжырымдамасы таңдалды. Биіктігі 272 метр болатын кешен Алматы өңіріндегі және Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимаратқа айналады. Жоба бір ортақ тұғырға орнатылған екі мұнарадан тұрады. 56 қабатты ғимаратта А санатты кеңселер мен заманауи пәтерлер орналасса, ал биіктігі 80 метр болатын екінші мұнарада халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды қонақүй болады. Ғимараттың жалпы ауданы – 276 мың шаршы метрден асады. Төменгі бөлігінде мәдени кеңістіктер мен сауда-ойын-сауық орталықтары үшін үш қабатты подиум қарастырылған. Құрылысты әлемдегі ірі мердігер компаниялардың бірі жүргізеді.
Биыл мамыр айында негізгі құрылыс жұмыстары басталып, кешенді 2029 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба кезінде сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Нысандарға ұлттық рең беру мәселесі де назарда, - дейді қаланың құрылысына жауаптылар.
Болат Мұсылманбеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Ғылыми түрде сейсмиканы ескеріп жердің құрамының есебін, сосын лабораториялық анализдердің барлығын дұрыстап есептеп, сол есептерге жүгіне отыра жобалап салуға болады. Басқаларға ұқсас болу мақсатын көздеп отырған жоқпыз. Біз өзіміздің ұлттық нышанда, өзіміздің Алатауымыз, өзіміздің қазақи ұлттық сәулет көрінетіндей болуы керек деген талап қойылды.
Мемлекет басшысы бұған дейін жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс екенін атап өткен. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Жауаптыларға қалаға капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет екенін айтқан. Осы маңызды мәселе бойынша Президент тапсырмасымен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылған еді.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через