фото: https://pixabay.com/
"Лифт істен шыққан, қабырғалары суық тартады". Елордалықтар BI Group компаниясы салған көпқабатты үйлердің сапасына шағымданды.
Елордада жаңа пәтер алған тұрғындар құрылыс компаниясы тарапынан көрсетілген қызметтің сапасына көңілі толмай отыр. Олардың айтуынша, лифттің істен шығуы, электр жарығының өшуі, қабырғалардың суық өткізуі және санитарлық тораптардағы сыз мәселелері үйге қоныстанған күннен бері шешілмей келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астанадағы BI Group компаниясы салған көпқабатты үйлердің бірінде тұратын азаматтар коммуналдық мәселенің көптігіне шағымданып жатыр. Олар ақауларды жою үшін бірнеше рет өтінім бергенімен, нәтижесіз болып отыр. Үй 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілгенімен, соңғы төрт жылда пәтер иелерінің наразылығы азаймаған, керісінше күшейе түскен.
“Лифт өз бетінше әрекет етеді. Бірінші қабатты бассаң бесіншіге кетіп қалады. Біріншіге түсем деп, үшіншіде тоқтайды, кейде қабаттардың ортасында тұрып қалады. Біз құрылыс компаниясына да, лифт қызметіне де жүгіндік. Өтінішімізді ешкім елемейді. Әкімдіктен келіп қарап, “лифттеріңіз қалыпты” деп кетті. Балам лифтте қамалып қалды, бүкіл BI Service келіп шығарып алды. Сол оқиғадан кейін балам лифтке мінбейді, қорқады. “Механикалық құрылғыны ауыстырамыз, бәрі түзеледі” деді. 2025 жылдың желтоқсанында ауыстырды, бірақ мәселе шешілген жоқ, керісінше ушығып кетті”, – дейді Гүлнар есімді тұрғын.
Тұрғындардың сөзінше, лифттегі ақау техникалық тұрғыда ғана емес, кейде жерасты сулары басып қалады. Ал құрылыс компаниясы мен лифт қызметі жауапкершілікті бір-біріне ысырып отыр екен.
Элиталы тұрғын үй кешендеріндегі қымбат пәтерлерде тоңып отырған қазақстандықтар құрылыс компанияларына шағымданды.
“Қазан айында лифт шахталарын жерасты суы басты. Көршілер бүкіл жерге жүгінді. Ішінде кабельдер, сымдар бар. “Ешкім лифтті пайдаланбасын” деді, кептірді. Қоңырау шалсаң, шағымды тіркейді, белгі қояды, бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермейді”, – дейді тұрғындардың бірі.
Сонымен қатар тұрғындар пәтер ішіндегі кәріз иісі, санитарлық тораптардағы сыз мәселелеріне де наразы.
“Қоныстанған күннен бері балкондағы қабырға суық өткізеді, ылғал. Сол себепті жөндеу жұмыстарын да жасай алмадық. Жаңбыр жауса, дәліздегі төбеден су ағады”, – дейді Гүлнар есімді тұрғын.
“Қабырға үш жылдан бері қатып тұрады. Үнемі өтінім беремін. Өтінімді жаба салады, ешкім келмейді. Кейін бір рет келіп, "бәрі дұрыс" деп кетті”, – дейді Айнұр есімді тұрғын.
Аталған шағымдарға басқарушы компанияның бас инженері пікір білдірді.
“Егер жекелеген өтінімдер болса, оларды кепілдік бөлімі қарайды. Мәселелерді басқарушы компания мен кепілдік бөлімі бақылауда ұстайды. Барлық өтінімдер орындалады, кері байланыс беріледі. Қазір тіркелген өтінімдер жоқ. Жекелеген жағдайлар болуы мүмкін, олар жеке қаралады. Әдетте бұл мәселелер бұрыштардан немесе терезе ойықтарынан суық өтуіне қатысты. Мұндай жағдайда құрылыс компаниясы немесе кепілдік бөлімі келіп, мәселені шешеді. Клиенттер тарапынан жаппай шағым жоқ, тек 2–3 пәтер ғана жүгінуі мүмкін”, – дейді BI Clients Service басқарушы компаниясының бас инженері Самат Садықов.
Тұрғындардың айтуынша, үйге тиесілі болуы тиіс техникалық бөлмелер коммерциялық нысанға айналған, бұл да наразылық тудырып отыр. Белсенділер паркингте өрт шыққанын да хабарлады. Өрт кезінде өрт туралы ескерту жүйесі жұмыс істемеген. Ал өрт сөндіру шлангтарында су болмаған. Соның салдарынан пәтер иелері өртті өз күштерімен сөндіруге мәжбүр болған.
Тұрғындар енді өзін алданғандай сезініп отыр. Олардың сөзінше, көптеген пәтерлер ипотекаға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жеке сектор тұрғындары үйінің сүрілуіне қарсы екенін айтқаны туралы жазған едік.
Дерек көзі:STAN.KZ
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через